Екібастұзда таратылған электр жылытқыштар тұрғындардың меншігінде қалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Екібастұздағы апат шығыны қалай өтелетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екібастұздағы апаттан біраз адам зардап шекті. Мыңнан астам арыз-шағым түсті, адамдар қандай қиындыққа тап болғанын жазып жатыр. Барлық шығынды компания қайта төлейді, ешкімнің қалтасынан шығын шықпайды», - деді Серік Жұманғарин Екібастұзда өткен баспасөз конференциясында.

Сонымен бірге, тілшілер спикерге қаладағы электр жылытқыштары қымбаттап кеткенін жеткізді.

«Маған берілген деректерге сәйкес, 5 мың электр жылытқыш қала тұрғындарына тегін таратылған. Оны беріп жатқан – компания иелері, Amanat партиясы және волонтерлер. Оларды кері қайтарудың қажеті жоқ, тұрғындардың өз меншігінде қалады. Әрине, сұраныс көбейгенде баға да өседі. Дегенмен, 5 мыңнан астам жылытқыш қалаға жеткілікті, сатып алуға қажеттілік жоқ. Тегін беріп жатырмыз», - деді Премьер-Министр орынбасары.

Бұған дейін Серік Жұманғарин кешке дейін барлық көпқабатты үйге жылу берілетінін айтқан еді.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қараша күні сағат 1:20 шамасында Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын.

Бүгін сағат 8:00-де өткен Екібастұздағы төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штабтың отырысында қаланың жылу желілеріндегі қазіргі жағдай мен температуралық режимді қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.


Соңғы жаңалықтар