Екібастұзда көпқабатты 42 үйдің тұрғындары әлі жылусыз отыр

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласында жылусыз қалған көпқабатты 53 тұрғын үйдің 11-інде проблема шешілді. Оларға жылу берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жеке тұрғын үйлердің ішінде 18-іне жылу беріліп, 72-сі әлі жылумен қамтылған жоқ.

«Қалған көпқабаты 42 үй мен 72 жеке тұрғын үй бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұзылған жерлерді жөндеу үшін бригадалар жұмылдырылған. Жылумен қамтудағы кемшіліктердің негізгі себебі пәтер иелері кооперативтері (ПИК) қызметкерлерінің жылумен қамтудың ішкі жүйесінде суды ағызудағы қателіктері болып отыр», - деп атап өтеді өңір әкімдігінен.

Айта кетейік, 27 қарашадан Екібастұзда облыс әкімі басшылық жасайтын апатты жою жөніндегі жедел штабы жұмыс жасап жатыр. 28 қарашада қалада Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Апатты жою жұмыстарына 256 маман мен 43 техника жұмылдырылды.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қараша күні түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын.

Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.

Бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақов қаладағы ахуалға қатысты есеп берді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.


Фото: «Павлодарэнерго» АҚ

Соңғы жаңалықтар