Екібастұзда көлік жылқыны қағып, 5 адам зардап шекті

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екібастұзда көлік жылқыны қағып, 5 адам зардап шекті, оның 4-уі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Зардап шеккен 20 жастағы жүкті әйелдің жағдайы қанағаттанарлық, жүктілікті тоқтату қаупі жоқ, оған амбулаториялық ем ұсынылған.

Көліктің жылқыны соққаны туралы ақпарат әлеуметтік желідегі пабликтердің бірінде пайда болды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, жол апаты Екібастұз - Солнечный кенті автожолында болған.

Оқиға салдарынан бес адам зардап шеккен, оның төртеуі Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.

«Тағы бір 20 жастағы әйелдің миы шайқалып, ми жабық жарақатын алғаны анықталды. Сондай-ақ ол тізесінен жарақат алған. Денсаулық жағдайы орташа, ауруханаға жатқызудан бас тартты», - дейді басқарма өкілдері.

Бұдан басқа, 19 жастағы жігітке бет сүйектерінің жарақаты диагнозы қойылды, реанимацияда жатыр, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.

34 жастағы ер адам жабық бас сүйек-ми жарақатын алған, миы шайқалған, маңдайының оң жақ тұсы соғылған, сол және оң жақ білектің жұмсақ тіндері жарақаттанған, екі қолы соғылған. Травмотологиялық бөлімге орналастырылды, жағдайы орташа ауыр.
37 жастағы ер адам тексеруден бас тартты.

Жол апаты 23 шілде күні сағат 23.00 шамасында болған.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ауди 80» маркалы автомобильді басқарып келе жатқан 34 жастағы жүргізуші «Екібастұз-ГРЭС 2» автожолында жылқыны соққан.

«Соның салдарынан жүргізуші мен оның үш жолаушысы Екібастұз қаласының ауруханасына медициналық көмекке жүгінген. Жылқының иесі анықталды, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, - дейді департамент өкілдері.


Соңғы жаңалықтар