Екібастұзда барлық мектеп пен колледждер онлайнға көшірілді

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласында мектеп оқушылары мен колледж студенттері бүгін де онлайнға көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 8 ақпан күні мектептер мен колледждерде білім беру қашықтан жүргізіледі. Балабақшалар кезекшілік топ режимінде жұмыс істейді.

Еске салайық, жылу электр орталығынан келетін жылу температурасы төмендегендіктен Екібастұздың оқушылары мен студенттері кеше, 7 ақпан күні де үйден оқыған болатын.

Қалада былтырғы жылдың 27 қарашасында болған апат салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын мәлім етті.

Сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз тұрғындарына жылу желісіндегі апаттың шығындарын мемлекет пен ЖЭО иесі бөліп төлесін деп тапсырма берді.

Биылғы 26 қаңтарда «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ға 1,1 млн теңгеге айыппұл салынғаны белгілі болды.

2029 жылға дейін қалада ГРЭС-3 стансасын салу жоспарланған.

Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен пәтерлерді жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. 30 қаңтардағы мәлімет бойынша, жөндеу 152 пәтерде жасалды.


Соңғы жаңалықтар