Екібастұзда әйел пәтер тонауға түскен екі ер адамды ұстап берді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Екібастұз тұрғынының қырағылығының арқасында ұрылар жылдам қолға түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Түнгі 22:00 шамасында Жүсіпов көшесіндегі көпқабатты үйлердің жанынан өтіп бара жатқан әйел жарығы сөніп тұрған терезеден пәтердің ішінде біреудің қолшаммен жүргенін байқайды. Бірден күдіктенген ол полицияға қоңырау шалған. Аталған мекенжайға жылдам жеткен тәртіп сақшылары, пәтердің есігіне қоңырау шалады. Есікті ешкім ашпаса да, іште біреудің жүргені анық естіліп тұрған», - деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Үйді айналған полицейлер күдіктінің балконнан секірмек болып жатқанын байқайды. Тәртіп сақшыларын көрген ұры қайтадан ішке кіріп кеткен. ІІБ қызметкерлері екіге бөлініп, балкон мен есікті қатар аңдуға кіріседі. Күдіктілер есікті іштен жауып алған.

Полицейлер екі күдіктіні қолға түсірді. Пәтер тонамақ болған екі ер адам қамауға алынды. ІІБ басшылығы қырағылығы үшін қала тұрғынын алғыс хатпен және қаржылай сыйақымен марапаттады.

Соңғы жаңалықтар