Екібастұзда әлі 11 көпқабатты үй жылусыз қалып отыр - әкімдік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қалада әлі 11 көпқабатты үйдің жылусыз тұрғанын мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі таңда бізде 11 тұрғын үй жылусыз күйде тұр. Бұл – 11 үйдің пәтерлеріне жылу берілмеген деген сөз. Бірақ, бұл жерде назар аударатын мәселе бар. Осы 11 көпқабатты үйдің жертөлесіне жылу жеткізілді. Қазір циркуляция бар. Ендігі алдымызда тұрған міндет – пәтерлер арасында жылу тасымалдайтын магистраль құбыр мен әр пәтердің регистріне жылу жеткізу. Қазір біздің бригадалар осымен айналысып жатыр, -

деді қала әкімі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстар аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.

Бүгін Роман Скляр телефон арқылы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қалалық жылу желілеріндегі апаттың зардаптарын жою барысы туралы баяндады.


Соңғы жаңалықтар