Екібастұзда алғашқы STEM-зертханасы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласындағы көп профильді бағыттағы №24 мектеп-гимназиясында жаңа STEM- зертханасы ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл кеншілер шаһарындағы мұндай алғашқы кабинет.

Білім ордасының директоры Құралай Рахметжанова STEM- зертханасында оқу төрт бағытта жүргізілетінін атап өтті. Ол инженерия, бағдарлама, робототехника, 3D-модельдеу бағыттары.

«Оқушылар заманауи технологияларды меңгеріп, робот, машина жасау және ғылыми-зерттеу жобаларымен жұмыс жасауға мүмкіндік алды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында есігін айқара ашқан кабинеттің ашылуына «Еуроазияттық энергетикалық коопорациясы» АҚ демеушілік жасады», - деді Құралай Рахметжанова.

Айта кетейік, көп профильді №24 мектеп-гимназиясының іргетасы 1993 жылы қаланған. Қазіргі таңда мектепте 702 оқушы білім алады. Дарынды оқушылар роботехника конкурстарында жүлделі орындарға ие болып та үлгерген. Мәселен, өткен жылы аталмыш мектептің оқушылары қалалық фестивальде жеңіске жетіп, Қарағанды қаласында өткен республикалық жарыста бақтарын сынаған. 

Соңғы жаңалықтар