Екібастұзда әлеуметтік нысандарға жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласының әлеуметтік нысандарына жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазір қалған үш нысанға: №10 ЖОМ, №25 және №4 балабақшаларға жылу беру жүйесі жеткізілді. Бұл нысандарда ішкі жылу беру тетіктері, яғни құбырлар мен жылыту радиаторларын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар бүгін күн соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстар аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.

Бүгін Роман Скляр телефон арқылы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қалалық жылу желілеріндегі апаттың зардаптарын жою барысы туралы баяндады.

Ал, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдады.

Соңғы жаңалықтар