Екібастұзда 17 жасар студент пен 13 жасар оқушы қыз Өскеменге қашып кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екібастұзда төрт күн бұрын жоғалған кәмелетке толмаған екі баланы Павлодар облысының жедел қызметкерлері ШҚО-дан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Polisia.kz мәліметінше, 6 қыркүйек күні Екібастұз полициясына кәмелетке толмаған балалардың жоғалғанын айтып, олардың ата-анасы арызданған.

– Сол күні сағат 20:00 шамасында 2007 жылы туған Екібастұз қаласында тұратын оқушы қыз және 2002 жылы туған колледж студенті үйден кеткені белгілі болды, – дейді полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Арман Сәбиев.

Полиция қызметкерлері дереу аумақтық бөлімшелерге хабар берді. Балаларды іздеуге полицейлермен бірге «Vita» және «Легион 14» бірлестігінің волонтерлері және қарапайым азаматтар жұмылды. Олардың суреті барлық жерге ілінді.

– Жедел іздестіру кезінде бірнеше нұсқа тексерілді. Нәтижесінде Павлодар облысының полицейлері Шығыс Қазақстан облысындағы әріптестерімен бірлесіп, екі жасөспірімді Өскемен қаласындағы бір қонақ үйден тапты, – дейді Арман Сәбиев.

Қазіргі уақытта балалар үйлеріне бара жатыр, олар заңды өкілдеріне тапсырылады. Полиция заңды өкілдердің жауапкершілігін қарастыруда.

Айта кету керек, жыл басынан бері Павлодар облысының полициясында хабар-ошарсыз кеткен балаларға қатысты 75 өтініш тіркелген. Жеткіншектердің барлығы табылып, үйіне қайтарылған.


Соңғы жаңалықтар