Екібастұзда 12 үйге жылу ішінара қосылды – қала әкімі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұз қаласында 12 көпқабатты тұрғын үйге жылу ішінара берілді. Бұл туралы қала әкімі Аян Бейсекин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір 12 үйде жылу батареяларын орнату жұмысы жүріп жатыр. Бұған дейін 2 мыңға жуық батарея орнатылды, қоймада тағы 4 мыңнан астам жылу батареясы бар. Қалған үйлерге жылу ішінара беріліп жатыр. Айта кетейін, қалпына келтіру жұмысына 851 адам тартылды», - деді Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук жедел штабтың баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, өңірдің уақытша әкімінің айтуынша, шығын көлемі жылу беру жұмыстары толық аяқталған соң есептеледі.

«Қазір 12 үйдің пәтерлеріне жылу жеткізілмеген. Дегенмен аталған тұрғын үйлердің кейбір пәтерлеріне жылу қосылды. Ал 12 үй деп жалпы отырған себебіміз, барлық пәтерге жылу толықтай іске қосылмаған», - деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Айта кетсек, жедел штабтың бүгін түстегі ақпаратына сәйкес, Екібастұздың көпқабатты 71 проблемалы үйдің жертөлесіндегі тораптарға жылу берілді.


Соңғы жаңалықтар