Екібастұз жылу стансасының бір бөлігі Клебановтың меншігінде қалады

None
Фото: pavlodarnews.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұз жылу стансасының бір бөлігі Клебановтың меншігінде қалады. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БАҚ өкілдері министрден Александр Клебанов иелік етіп келген Екібастұз жылу стансасын мемлекетке қайтару ісі қалай жүріп жатқанын сұрады.

«Бұл мәселедегі біздің қисын мынандай. Жылу қазандықтары, яғни қаланы жылумен жабдықтауға қатысатын негізгі қондырғылар қазірдің өзінде әкімдік балансына берілген. Бұл нысанның қысқа дайындығын қамтамасыз ету үшін жасалды. Иә, жылу стасасының иесіне қатысты, стансаны қолдануға қатысты маңызды мәселелер бар. Бақылау болу үшін жергілікті әкімдік жауапкершілікті өзіне алып отыр», - деді министр.

Оның айтуынша, мемлекет жылу нысанының акционер меншігінде қалған бөлігіне қаржы салуын қатаң қадағаламақ.

«Стансаның қалған бөлігі акционердің қолында қалады. Бұған дейін де айтқанымдай, меншік иелері энергетикалық нысанды жаңғыртып, жөндеу жұмыстарына өз қалтасынан ақша салып, қамтамасыз етуге көмектеседі», - деді Энергетика министрі.

Бұған дейін Алмасадам Сәтқалиев «Екібастұзжылуэнерго» мекемесі жылу маусымын қажетті деңгейде өткермегені үшін төлеген айыппұл көлемі тұрғындарға тиген залалмен салыстыруға келмейтінін айтқан болатын.

Еске салсақ, былтыр 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-сындағы төрт қазандық істен шығып, қала жылусыз қалған еді.


Соңғы жаңалықтар