Екібастұз тұрғындары эвакуациялана ма – әкім жауабы

None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Қазіргі таңда жергілікті билік тарапынан халықты эвакуациялау мәселесі көтерілген жоқ. Мұны БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«14 жылту пункті жұмыс істеп тұр. Ол жерлерде тамақ, ыстық шай беріледі. Сонымен қатар 10 мобильді жылыту пунктері бар. Олар кварталдар ішіндегі аудандарда орналастырылған. Тұрғындардың өтініші бойынша 25 биоәжетхана ұйымдастырылды», - деді Аян Бейсекин.

Брифинг барысында қала әкімі тұрғындарды эвакуациялау туралы журналистер сұрағына жауап берді.

«Эвакуация» сөзін қолданбауларыңызды өтінемін. Өйткені, қазіргі таңда жергілікті билік тарапынан халықты эвакуциялау мәселесі көтерілген жоқ. Біз тек кішкентай балаларды басқа аумақтарға, атап айтқанда арнайы дайындалған лагерьлерге көшірдік. Тұрғындар эвакуацияланбайды, керісінше үйлерге тез арада жылу беру жұмыстары жүргізілуде», - деп жауап берді шаһар басшысы.

Оның мәліметінше, Екібастұзда 40-тан астам үйде әлі де ауызсу, 11 үйде электр жарығы жоқ.

Еске сала кетейік, бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі Екібастұз қаласына қосымша күштер мен құралдар жіберген болатын.

Екібастұз жылу электр орталығында апат 27 қарашада болған еді. Салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Кеше, 1 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен босатты. Оның орнына уақытша Олег Крук тағайындалды.


Фото: Константин Шелков/ pavlodarnews.kz



Соңғы жаңалықтар