Екібастұз қаласының жаңа әкімі тағайындалды

None
None
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Ержан Иманзайыпов Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалды. Шаһардың жаңа басшысын қала активіне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ержан Иманзайыповты таныстыру кезінде аймақ басшысы оның кандидатурасы ҚР Президенті Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісілгенін айтып өтті.

«Екібастұзда индустриялық аймақ құру мәселесін бақылауға алу қажет. Оның бірге, жаңа аймақты құруға қажетті электр желісі мен стансаның құрылысы туралы шешім де қабылданып үлгерді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы инвестициялар тартуға баса назар аудару қажет. Соңғы үш жылдың ішінде Екібастұздың дамуына жоғарыда тұрған бюджеттерден қомақты қаражат бөлінді. 2017 жылы бұл сома 4,7 миллиард теңгені құраса, 2018 жылы - 9,9 миллиард теңге, 2019 жылы – 13 миллиард теңге бөлінді. Екібастұзға бұрын-соңды мұндай ауқымды қаржы бөлінбеген еді. Сондықтан да, инвестициялар көлемі де арта түсуі тиіс» - деді Б.Бақауов жаңа әкімге қарата.

Айта кетейік, Екібастұз қаласының бұрынғы әкімі Нұрлан Кемерұлы Әшімбетов Мәжіліс депутаты болды.

Елбасы-«Nur Otan» партиясының Төрағасы Н. Назарбаевтың жетекшілігімен өткен Саяси кеңес Бюросының отырысында партияның тізімі бойынша Парламент Мәжілісі депутаттарының мандаттарын Н.Әшімбетовтен бөлек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, актер Нұрлан Әлімжанов және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова алды.

Ержан Иманзайыпов 1984 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 2006 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша, 2010 жылы - Алматы экономика және статистика академиясын «Қаржы» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 2006 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып бастады. 2006 жылдан 2007 жылға дейін ҚР Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитеттің жетекші маманы қызметін атқарды. 2007 - 2011 жылдары - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекші маманы, сарапшысы қызметінде болды. 2011-2013 жылдар аралығында - Ақмола облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары, 2013-2014 жылдар аралығында – ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқарма басшысы, директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 2014 жылдан 2016 жылға дейін - Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, 2016-2017 жылдар аралығында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.


2017 жылғы қараша айынан осы уақытқа дейін Павлодар облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды.

Соңғы жаңалықтар