Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары тергеуге алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысы Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларының үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Telegram каналында осындай мәлімет тарады.

«Павлодар облысында Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Олар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігерлік ұйымдардан жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді», - деп жазылған агенттіктің мәліметінде.

Сондай-ақ, Қостанай облысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы бөлімшелерінің бұрынғы басшылары ұсталған көрінеді.

«Олар азаматтардан жол қозғалысы ережелерін білу емтиханынан өткені туралы бланкілерді ешқандай сынақсыз берегін үшін ақшалай сыйақы алатын ұйымдасқан топты құрып, басқарып отырған деген күдікке ілінді. Ұйымдасқан топтың әрекетінен жол ережелерін білмейтін жүргізушілер көлік тізгіндеу құқығына ие болған. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», - деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар