Екібастұз-Ағадыр электр желісі қайта іске қосылды

Фото:
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Қатты бораннан келген ақауды жөндеу жұмыстары аяқталып, Екібастұз-Ағадыр электр желісі қайта іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «KEGOC» АҚ коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«15 сәуірде сағат 20:39-да авариялық-қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, 500 кВ Л-5170 Екібастұз-Ағадыр электр желісі қайта іске қосылды. Қазақстанның 500 кВ «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің қалыпты схемасы қалпына келтірілді. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары кезінде тұтынушыларды электр қуатымен қамту Қазақстан мен Орталық Азия біріктірілген энергожүйесінің резервтерін іске қосу арқылы толық көлемде атқарылды», - делінген ресми хабарламада.

Еске салсақ, 14 сәуір күні боранда электр тарату жүйелік желісіне зақым келіп, үш учаскеде үзілу анықталған. Жөндеу жұмыстарына «KEGOC» АҚ Солтүстік және Орталық филиалдарынан құрамында 36 маман мен 14 арнайы техникасы бар бригадалар жұмылдырылды.

Соңғы жаңалықтар