Екі жылдық үзілістен кейін бүгін Соңғы қоңырау дәстүрлі түрде өтеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстанның барлық мектебінде Соңғы қоңырау рәсімі екі жылдық карантиннен кейін дәстүрлі түрде өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биыл 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады. Оның 8 мыңнан астамы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер.

«Соңғы қоңырау – мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының қорытындысын шығарып, білім алушылардың жетістігін атап өтетін көңілді әрі маңызды оқиға. Биыл эпидемиологиялық жағдай мектеппен қоштасу мерекесін өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда ол міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныс пен нұсқауды алды. 2022 жылы елімізде 3,5 млн-нан астам оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Биыл «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 түлек үміткер», - деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Республиканың барлық жалпы білім беретін мектебінде соңғы қоңырау мерекесін бір мезгілде өткізу жоспарланып отыр. Мектеп бітіру кешін білім мекемесі өзі ұйымдастырып, өткізуі керек.

Соңғы қоңырауда мына іс-әрекетке тыйым салынады:

– аниматорларды, мереке агенттігін, әртістерді, мерекелік шара өткізу үшін ақылы жеке студияларды тартуға;

- мерекелік дастархан жаюға;

– жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала (аудан) бойынша экскурсия жасаға;

– мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық алу үшін қаражат жинауға;

- ойын-сауық мекемелерінде бітіру кешін ұйымдастыруға рұқсат жоқ.

Айта кетейік, биыл аттестатты салтанатты тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.

Ал 9 сынып оқушыларына емтихан 28 мамыр мен 6 маусым күндері өтеді. Олар қазақ және орыс тілдерінен емтихан тапсырады және эссе жазады. 31 мамыр күні алгебрадан жазбаша емтихан тапсырады. Ал 3 маусым күні орыс тілі қазақ мектебінде, қазақ тілі орыс мектебінде жазбаша өтеді. 6 маусым күнгі соңғы емтихан таңдаған пәні бойынша жазбаша емтихан ұйымдастырылады.

11 сынып оқушылары, яғни мектеп түлектері 27 мамыр мен 10 маусым аралығында емтихан тапсырады. Оларда бірінші емтихан 27 мамырда алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша, екінші емтихан 30 мамырда оқыту тілінде жазбаша өтеді. 2 маусым күні Қазақстан тарихынан ауызша емтихан тапсырады. 7 маусымда орыс тілі қазақ мектебінде, қазақ тілі орыс мектебінде жазбаша болады. Соңғы емтихан 10 маусым күні таңдаған пәнінен тапсырады.

Сондай-ақ, келесі жылдан бастап «Алтын белгі» үміткерлеріне талап күшейеді. Біріншіден, жалпы орта білім беретін оқу бағдарламасына сәйкес, 10, 11 сыныптардағы оқу кезеңінде тоқсандық, жылдық және қорытынды бағалары 5 болуы керек. Сондықтан келесі жылы 10, 11 сыныпта жылдық және қорытынды баға ғана емес тоқсандық та, жылдық та, қорытынды да баға есепке алынады. Екіншіден, жалпы орта білімді аяқтағаннан кейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің базасында алгебра және талдау негіздері оқу пәні бойынша қорытынды атестаттаудан өтуі керек. Үшінші талап – үміткердің негізгі білім беру туралы үздік атестаты болуы тиіс. Яғни, ол 9 сыныпқа дейін үздік оқуы керек деген сөз.

Білім гранттарына келсек, 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік білім тапсырысының көлемі 88 мыңнан асады. Оның ішінде бакалавриат – 73 мың, магистратура – 33 мыңнан астам және докторантура – 1890 орын.

Биыл 42 мыңнан астам мемлекеттік грант немесе 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Сонымен қатар 10 мың грант Атырау мен Маңғыстау облыстарының тығыз орналасқан елдімекендерінің жастарына қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінді . Одан бөлек, 490 грант шетел азаматтарына беріледі. Оның ішінде 150 грант Орталық Азия елдерінің азаматтарына арналады және 100 грант Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің түлектеріне қаралған.


Соңғы жаңалықтар