Екі жылда креативті индустрияның экономикаға қосатын үлесін 5% жеткіземіз - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Креативті индустрияның ел экономикасына қосатын үлесін 2025 жылға қарай 5%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Креативті индустрияны қолдау бойынша жеке корпоративті қор құру, қаржылық және қаржылық емес шаралар, басқа да құралдар көзделетін реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлеу жұмысы басталды. Жоспарланған шаралар есебінен креативті индустрияның ел экономикасына қосатын үлесін 2025 жылға қарай 5%-ға дейін, ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 80 мыңға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», - деді Асхат Оралов Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.

Министрдің сөзіне сенсек, биыл қалалардың креативтілігін айқындауға арналған зерттеу жүргізіледі.

Асхат Оралов сондай-ақ биылдан бастап халық әртісі атағын беру үрдісі қайта оралатынын тілге тиек етті.

«Жергілікті атқарушы органдар және шығармашылық зиялы қауыммен бірлесіп, Республика күніне орай «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру ұсынылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы отандық креативті индустрияны жүйелі қолдаудың маңызын атап өтті. Осы бағытта экожүйенің іргетасын қалайтын институционализация және заңнамалық түзетулер бойынша кешенді жұмыс басталды», - дейді ол.

Айта кетейік, осыған дейін 2030 жылға қарай отандық фильмдер прокаты 35% артатынын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар