Екі жылда Қазақстанда заңсыз дәрі айналымының 700 дерегі тіркелген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда заңсыз дәрі айналымына байланысты екі қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың заңсыз айналымын бақылау аясында ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Кейінгі екі жылда ондай заң бұзудың 700-дей жағдайы тіркелді. Дәрілік заттарды заңсыз сатқаны үшін 80 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Биыл 2 жағдай тіркеліп, 2 қылмыстық іс қозғалды», - деді Ажар Ғиният.

Министрдің дерегіне сәйкес, аталған қылмыстық істер бойынша тергеу әлі жүріп жатыр.

«Азаматтар тарапынан заңсыз айналымдағы дәріні сатып алғаны туралы шағым болған жоқ. Бірақ, біз бүкіл емделушілерден медициналық ұйымдарға түсетін өтінімдерді, «сары» қағаздарды қадағалап отырамыз. Заң жүзінде ондай жайттар бойынша дәрілік заттың сапасы мен қауіпсіздігіне толыққанды зерттеу жүргізіледі», - деді министр.

Брифингіде Ажар Ғиният маусымдық аллергиясы барларға неге вакцина егуге болатынын түсіндірді.

«Маусымдық аллергиялар вакцинацияға қарсы медициналық көрсетілім болып есептелмейді. Қарсы көрсетілім болу үшін ауыр аллергиялық ауру болуы керек. Қарапайым ерітіндінің өзіне реакция беретін жайттар да болады. Дәрігер әр емделушіні қарап, құжаттарын тексерген кезде ауыр аллергиялық ауруы бар ма, екпеге қарсы реакциясы бар ма, анықтайды. Маусымдық аллергия болған жағдайда емделушінің денсаулығында күрделі ауытқу болмаса, қан талдамасы қалыпты болса, дәрігер әр жағдайды жеке қарап, вакцинацияға жіберу туралы шешім қабылдайды деп ойлаймын», - деді ведомство басшысы.



Фото: i2.wp.com




Соңғы жаңалықтар