Екі мыңға жуық қылмыс ізін суытпай тәулік ішінде ашылды – ІІМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен аптада Қазақстан аумағында үш мыңға жуық қылмыс жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің онлайн-брифингісінде ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті.

«Алдымен елдегі криминогендік жағдайға тоқталайық. Бір апта ішінде 2832 қылмыс жасалды, оның 1795-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 7 кісі өлтіруді, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 49 тонау және 413 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Сондай-ақ, өткен аптада ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Сенаттың жалпы отырысында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтыруларға қатысты заң жобасын ұсынды.

Онда «азаптау» ұғымы нақтыланады және алғаш рет қазақстандық заңнамаға «қатыгездік» анықтамасы енгізіледі.

Түзетулер алты бағытқа байланысты, осы өзгерістер арқылы қылмыстық сот төрелігі саласында адам құқықтарын іске асыру тетіктерін кеңейту жоспарланған.

Осыған байланысты, жаңа түзетулерге орай қатыгездік жасағаны үшін құқық бұзушылық құрамы арнайы енгізіледі.

Бұдан басқа, отбасылық-тұрмыстық салада жасалатын құқық бұзушылықтар құрамына «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділігі бар адамға қысым жасауға қатысты» деген біліктілік белгілері енгізіледі.

Осылайша, қылмыстың ауырлығы артып, бас бостандығынан айыру санкциясы артады.


Соңғы жаңалықтар