Екі мыңға жуық ауыл таза ауызсуға мұқтаж – Қасым-Жомарт Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыз су тапшылығы жағдайларын анықтауды және тиісті шара қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде 700 мыңнан астам тұрғыны бар 1922 ауыл таза ауызсуға зәру болып отыр. Қостанай облысы тұрғындарының 35 пайызы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының 20 пайызға жуығы сапасыз су ішіп отыр», - деп атап өтті Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен бірге, Қ. Тоқаев суды тұтыну көлемі артқан сайын су инфрақұрылымы да ескіріп бара жатқанын айтты. Еліміз бойынша сумен қамтамасыз ететін нысандардың 22 пайыздан астамы тозған. Атап айтқанда, Алматы қаласында – 58 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында – 42 пайыз, Жамбыл облысында – 36 пайыз, Қарағанды облысында – 34 пайыз.

«Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж болып отыр. Мұндай деректер жиілеп кетті. Өкінішке қарай, бұған жергілікті атқарушы органдар жол беруде. Мысалы, Түркістан облысында Біркөлік, Екпінді және Қорған ауылдарының тұрғындарына арналған ауыз суды демалыс орындары бассейнді толтыру үшін пайдаланған. Сөйтіп, халыққа су бермей қойған. Бұған тиісті бақылау жасамаған жергілікті билік кінәлі.

Ауыз судың тапшылығына жер қойнауын пайдаланушылардың әрекеті де себеп болып отыр. Кен орындарын игеру кезінде ауыл тұрғындарын сумен қамтып отырған өзендер тартылып, бұлақтар сарқылып жатыр. Мұндай жағдайға Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары тап болуда. Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, осындай деректерді түгел анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ болашақта оған жол бермеу үшін бақылау жүйесін әзірлеу қажет. Тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіледі деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар