Екі күнде 75 жол апаты: Полиция жүргізушілерді сақ болуға шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда екі күнде 75 жол апаты болды. Салдарынан 27 адам қаза тапты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

– Құрметті азаматтар! Күннің жылуына байланысты жолдарда көлік саны күрт көбейді. Дәл осы кезеңде жүргізушілер жол ережесін сақтамайды. Бұның соңы қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтырады. Елімізде екі күннің ішінде 75 жол апаты болып, 27 адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғаларының көп бөлігі Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында болды»,-дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Оның сөзіне қарағанда, апаттар көбіне қала сыртындағы жолдарда түнде болған. Төрт ірі жол-көлік оқиғасы жеке тасымалдаумен айналысатын шетелде тіркелген автокөліктер тарапынан жасалған. Жамбыл облысындағы Алматы – Шымкент тасжолында болған ірі апаттың біріне қатысушы – Toyota Alphard жүргізушісімен жолға шықпас бұрын полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыс жүргізген. Бірақ жол ережесін елемеген жүргізуші мен оның екі жолаушысы қаза тапты. Кейде осындай ескертулер өмірді сақтап қалуы мүмкін.

Естеріңізде болсын, таксиге отырарда оның заңды тасымалдау екеніне көз жеткізу керек. Атап айтқанда, жүргізушіде жолаушыларды сақтандыру шарты, техникалық байқаудан өту, сапар алдындағы медицициналық және техникалық тексерулер болуы қажет. Мысалы, Маңғыстау облысында жол апаты автокөліктің техникалық ақауына байланысты болған. Онда үш адам қаза тауып, біреуі жарақат алды.

Өкінішке орай, жеке тасымалдаумен айналасуға құқығы жоқ такси жүргізушілері көбейіп кетті. Жолда тексеру кезінде жүргізушілер мұндай жағдайларды жасырып, жолаушыларды туыстарым деп айтады. Ең өкініштісі – ол жүргізушілерді жолаушылардың өздері де қолдайды. Арзан жол жүру ақысына қызығып, өмірі мен денсаулығын ойламайды. Мысалы, ірі жол көлік оқиғасы 21 мамырда Жамбыл облысындағы Мерке – Шу – Бурылбайтал тасжолында тіркелді. Онда заңсыз тасымалдаушы анықталды. Осы апаттан үш адам қайтыс болып, бір адам жарақат алды.

Жол көлік оқиғасының тағы бір себебі - ол жүргізушілердің рөлде ұйықтап қалуы. Атырау облысының Құлсары қаласынан 10 шақырым жерде, Бейнеу – Атырау автожолында жеке тасымалдаумен айналысатын жүргізуші рөлде ұйықтап, алдында келе жатқан көлікке соғысып, төрт адам қаза тауып, екеуі жарақат алды.

«Жүргізушілердің назарына! Жолға шығар алдында сіз өзіңіз үшін ғана емес, жолаушылардың қауіпсіздігі үшін де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз. Жылдамдықты асырмаңыз, жол ережесін сақтаңыз. Шаршаған жағдайда тынығып, демалыңыз. Біздің тараптан жол ережелерін бұзушылармен күрес жұмыстары күшейтіліп жатыр. Полицияның жұмысы жазалауға емес, сіздердің өмірлеріңізді сақтауға бағытталған», – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.


Соңғы жаңалықтар