Екі көзі көрмей қалған ақтөбелік өз кәсібін бастады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Байғанин ауданында тұратын Аятолла Әбдірашитов «Бизнес Бастау» жобасымен біліктілігін арттырып, өз ісін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аятолла Әбдірашитов Байғанин ауданының Оймауыт ауылынан Қауылкелдіге көшіп келген. Отан алдындағы борышын өтіп, отбасын құрды. Екінші қызы өмірге келгенде ол екі көзінен айырылды.

«Көз ауруы туабітті емес, жүре келе пайда болды. Бәрі 2014 жылы басталды. Алғашында үміттеніп, түрлі ем қабылдап, кейін Орынборға екі рет бардым. Бір қызығы, екінші қызымның жүзін көре алмадым. Бірақ ол мені еңбектеген сәтінен сөзсіз түсінді, көмектесті. Жан-жағымды қармансам, телефонымды, теледидар пультін алып береді. Ал үйден шыққанда аяқ киімімді кигізеді. Қараңғылық жайлағанда Қытайға барып, ота жасаудың сәті түсті. Оған достарым, құрдастарым көмектесіп, қаржы жинап берді. Сол кезде көзім қайта көріп, өмірге қайта келгендей болдым. Өзіме қамқор болған қызымды да көрдім. Бұл - үлкен бақыт. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Арада айлар өтіп, жанарым қайта сола бастады. Қайта ем жасауға қаржы тапшы болды. Қазір осы өмірге үйреніп қалдым. Бірақ кәсібімді жүргізіп, тағы ем қабылдауды жоспарлап отырмын», - дейді Аятолла Әбдірашитов.

Ол көпшіліктің ұсынысымен «Бизнес Бастау» жобасы арқылы білім алды. Кейін семинар жетекшісі қаржы алудың жолын үйретті. Бизнес жоспар құруға көмектесті. Мал сатып алып, оны көбейтіп, ата кәсіпті қолға алды. Таңдау тура түсіп, қазір отбасы сүт, құрт пен май сатып отыр.

«Мемлекеттің қолдауымен 505 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Қазір мен осы жобаға қатысып, өз ісімді бастағаным үшін алғыс айтамын. Екі бұзаулы сиырымыз бар. Өнімі мол. Сүт, құрт-ірімшік, майын сатып, табыс тауып отырмыз. Ал мал бағуға інім көмектеседі. Мал дегенеміз – қор. Ал қор жинаған адам қор болмайды», - дейді жеке кәсіпкер.


Соңғы жаңалықтар