Екі қолынан айырылған оқушы оқиғасы үшін айыпталғандар ақталып шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде трансформаторға кіріп, токқа түскен оқушы ісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Шалқар ауданында оқыс оқиға тіркеліп, трансформаторға кірген оқушы екі қолынан айырылған болатын. Кейін оқушының анасы протез үшін халықтан көмек сұрады. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету» бабы бойынша іс қозғалды. Қылмыстық іс бойынша сот алдында мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Айсәуле Шоханова, электрик Асқар Исатаев жауап берді.

«Айсауле Шоханова мен Асқар Исатаев ҚР ҚК-нің 306-бабының 1-бөлігімен кінәсіз деп танылып, олардың әрекетінде қылмыстық теріс қылық құрамының болмауына байланысты ақталсын», - деді судья О.Бақтыгереев.

Іс материалына сүйенсек, өткен жылдың 5 қазан күні сағат 14:25 шамасында мектеп-гимназия ауласында ойнап жүрген Дамир Фаткулин трансформатор құрылғысы орнатылған ғимараттың 2-қабатына темір сатымен көтерілген. 10 кВт ток желісі жүргізілген қоймаға құлып салынған, бірақ темір есіктің табалдырық бөлігі 70х25см ашық болды. Сол саңылаудан кірген оқушы алюминий металмен жүргізілген 3-қатарлы «А,В,С» фазаларды байқаған. А фазасы сары түспен, В фазасы жасыл түспен, С фазасы қызыл түспен белгіленген жәшік есігін емін-еркін ашып, ішіне кіріп, сары түспен белгіленген А фазасын оң қолымен, жәшіктің ішін сол қолымен ұстаған. Осы кезде оның екі қол, екі білек, екі иық, алдыңғы кеуде, сол жақ тізе буыны, оң жақ аяғының басы күйіп қалады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар