Екі қарағандылық 6 жасар баланы өртеніп жатқан моншадан алып шықты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда екі жігіт жанып жатқан моншаның ішінен 6 жасар баланы алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, өрт 29 мамырда Қарағанды қаласының Ермеков көшесіндегі «Кедр» моншасында болған. Жалын 300 шаршы метрден астам аумақты қамтыды.

Сол күні моншада болған полиция лейтенанты Шерхан Төлеухан мен оның досы Жантөлеу Егінбай өрт туралы айқайды естиді. Бастапқыда мән бермеген олар, кейін монша бөлмелеріндегі түтінді көреді.


Екеуі бірден төменгі қабаттағы заттар мен құжаттарына жүгірген. Сол кезде бұрышта жалғыз тұрған баланы байқайды. Шерхан ойланбастан, баланы көтеріп, сыртқа жүгірді.

«Шыға берісте от лапылдап жана бастады, төбеден өртенген заттар құлап жатыр. Соған қарамастан шығар жолды тауып алдым. Жантөлеу досым балаға дымқыл сүлгіні жауып, қауіпсіз жерге алып барды», - дейді Шерхан Төлеухан.

Баланың ата-анасы полицейге баласын құтқарғаны үшін алғыс айтты. Қазір баланың жағдайы жақсы, оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп жоқ.

Қарағанды облысы ТЖ департаментінің басшылығы баланың өліміне жол бермеген батыл әрекеті үшін полиция қызметкері мен оның досын марапаттамақ.


Соңғы жаңалықтар