Екі қалада Назарбаев Университеті үлгісінде оқу орындары құрылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша Петропавл және Шымкент қалаларында 2 озық өңірлік жоғары оқу орнын құруға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Назарбаев Университеті жоғары оқу орны ретінде қалыптасып, өзінің нәтижесін көрсетіп отыр. Бұл оқу орнының моделі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осыған байланысты Назарбаев Университеті тәжірибесіне сүйене отырып, Петропавл мен Шымкент осы тектес жоғары оқу орындары болады деген шешім шығарылды», - деді Мирас Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, бұл ЖОО-лар тиісті дербестігімен ерекшеленеді. Оларда дайындықтың бірнеше бағыты қамтылады, соның арасында техникалық әрі гуманитарлық салалар ескеріледі.

«Жоспарда осы ЖОО-лар үшін жеке корпустардың, жатақханалардың құрылыстары қарастырылған. Қазіргі кезде серіктестермен стратегия бойынша белсенді жұмыстарды атқарып жатырмыз. Назарбаев Университетінің моделін таратамыз, яғни оны Петропавл мен Шымкенттің үлгісінде көрсетеміз», - деді вице-министр.

Еске салсақ, жақында Мәжілісте «Nur Otan» партиясының сайлау алдындағы міндеттемелерін іске асыруға арналған талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин 2022 жылы Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша Петропавл және Шымкент қалаларында 2 озық өңірлік жоғары оқу орны құрылатынын айтты.



Соңғы жаңалықтар