Екі елден зейнетақы алып келген СҚО тұрғыны заңсыз алған ақшаны қайтармақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты зейнетақы алу құқығын мойындауды талап еткен көп балалы әйелдің талап-арызы бойынша істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 баласы бар әйел Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаментін сотқа берген. Оған 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап зейнетақы беру тоқтатылған.

Сот әйелге мемлекеттік органның шешімімен екі мемлекеттің – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағында зейнетақы төлемдерін екі рет алып келуіне байланысты зейнетақы берудің тоқтатылғанын анықтады. Көрші мемлекеттен Қазақстанға қоныс аударған зейнеткер зейнетақы мен әлеуметтік аударымдарды ресімдеу барысында басқа ведомстводан зейнетақы және әлеуметтік төлемдер тағайындалмағандығы туралы жалған ақпарат берген.

«Ресей Федерациясында талапкер 2009 жылдың 10 сәуірінен бастап 5 баласы бар көп балалы ана ретінде зейнетақы алушы болған. Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдағаннан кейін де талапкер Ресей Федерациясында тағайындалған зейнетақыны алуды жалғастырды. Ал 2014 жылғы 22 қыркүйектен бастап ҚР зейнетақы ала бастады және 2016 жылғы 30 сәуірге дейін екі мемлекеттің аумағында зейнетақы алып келген», - дейді баспасөз хабарламасында.

1992 жылғы 13 наурыздағы «ТМД-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарының кепілдіктері туралы» келісімге сәйкес, зейнеткер келісімге қатысушы мемлекеттер шегінде қоныс аударған кезде, зейнетақы түрі зейнеткердің жаңа тұрғылықты жері бойынша заңнамада көзделсе, бұрынғы тұрғылықты жері бойынша зейнетақы төлеу тоқтатылады.

Көп балалы ананың зейнетақысын екі мемлекет те біртіндеп төлеуді тоқтатқан, бұл талапкердің пікірінше, оның зейнетақы алу құқығын бұзды.

Сотта тараптар татуласу туралы келісімге келді.

Енді департамент 2021 жылғы 20 қыркүйекке дейін мемлекеттік зейнетақы төлемін тағайындау туралы шешімді қарауға және бекітуге міндетті. Әйелдің 2020 жылғы 1 желтоқсаннан бастап алмай келген зейнетақысын осы жылдың қазан айында беруі тиіс.

Ал сотқа арызданған әйел өз кезегінде 2014 жылдың 22 қыркүйегі мен 2016 жылдың 30 сәуірі аралығында заңсыз алынған зейнетақы төлемдерінің соммасын - 726 230 теңгені келесі жылдың 1 маусымына дейінгі мерзімде қайтаруға міндеттенді.


Соңғы жаңалықтар