Екі чемпион: Қазақстанның жас теннисшілерінің түрлі турнирлердегі нәтижесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова мен Айя Нұпбай 18 жасқа дейінгілер арасында Өзбекстанда өткен үшінші санаттағы ITF турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Айя мен Асылжан жұптық сында финалда тағы бір қазақстандық Әдемі Аманкелді мен ресейлік Виктория Милованованы ұтты – 6:4, 6:7 (5:7), 10:7.

Осылайша, қазақстандық дуэт өз спорттық жолында жетінші, биылғы бесінші титулына қол жеткізді.

Сондай-ақ Оңтүстік Африка Республикасында бірінші санаттағы ITF Juniors жарысы аяқталды. Мұнда Жанель Рүстемова жұптық сында финалға дейін жетті. Ол эстониялық Элизабет Лиламен бірге соңғы бәсекеде доданың екінші ракеткалары, ұлыбританиялық Элла Макдональд – италиялық Анна Парадисиге жол берді – 1:6, 3:6.

Бұдан бөлек, қазақстандық жас теннисшілер 14 және 12 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe сайыстарында да табысты өнер көрсетті.

Германияның Аусбург қаласында Bavarian Junior Open (U14) жарысында Софья Исакова жұптық сында украиналық Анастасия Сорскамен бірге финалда үш сетте испаниялық Вега Фернандес – чехиялық Ванесса Свободоваға есе жіберді – 3:6, 6:4, 4:10. Жекелей сында С.Исакова жартылай финалға дейін жетті.

Белградта 12 жасқа дейінгілер арасында Гиорги Брегвадзе жарысты іріктеу сайыстарынан бастап негізгі додада сербиялық, германиялық, израильдік қарсыластарын тізе бүктірді. Ширек финалда франциялық теннисшіден айласын асырды – 6:2, 7:6. Тек жартылай финалда ресейлік Тимур Гордеевтен ұтылып қалды. Т.Гордеевпен бірге жұптық сында финалға дейін жетіп, словениялық-македониялық дуэттен жеңілді – 2:6, 7:6 (7:2), 0:10.

Осы жарыста Линара Бөлешева мен Софья Кирова финалда супер тай-брейкте ғана ресейліктерге есе жіберді – 6:4, 6:7 (2:7), 8:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының әлем чемпионатын 4-орынмен аяқтағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар