Екі баланы құтқарған жасөспірім «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте өрттен екі баланы құтқарып қалған жасөспірімді қаланың бас полицейі қабылдады. Полиция департаментінің бастығы 13 жастағы Бақытжан Беркімбаевты ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов батыр бала Бақытжанның ата-анасына да «Адам өмірін құтқаруда ерлік жасаған баласына үлгілі әрі өнегелі тәрбие бергені үшін» Алғыс хатын табыстады. Кездесу барысында департамент бастығы өзінің және жеке құрамның атынан тәрбие берген ата-анасына және ұстаздарына алғыс білдіріп, Бақытжанның ерлігі мен ержүректігінің арқасында барлық құрдастарына үлгі болғанын атап өтті. Сондай-ақ, ведомство басшысы Бақытжанға болашақта полицей мамандығын таңдаса, өз тарапынан қолдау көрсетіп, ықпал ететінін жасырмады.

Еске сала кетейік, сегізінші сыныпта оқитын Бақытжан отқа оранған үйге қорықпай кіріп, бір шетте бүрісіп отырған 6 жасар қызды және 3 жасар баланы далаға алып шыққан болатын. Бұл оқиғаға дейін қолын сындырып алғанына қарамастан ол осылайша ер азаматқа тән ерлік жасады.

Соңғы жаңалықтар