Екі әйелді отадан соң өлтіріп алған хирургке сот клиникалық ем жасауға тыйым салды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті пластикалық хирург Дмитрий Писаревтің клиникалық ем жасауына сот арқылы тыйым салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Хирургтың ота үстелінде былтыр екі әйел көз жұмған болатын.

«Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің пластикалық хирург Дмитрий Писаревтің пластикалық салада клиникалық практикамен айналысуына, оның жұмысын заңсыз деп тануға жазған өтініші қанағаттандырылсын. Оған пластикалық хирургия саласында клиникалық іс-тәжірибемен айналысуға тыйым салынсын», - деді №2 Алмалы аудандық сотының судьясы.

Сонымен қатар, департамент мамандарының айтуынша, Писаревтің рұқсат сертификатының мерзімі өткен.

Ол «Апаттар медицинасы темір жол госпиталінде» сертификатының болмағанына қарамастан 8 қаңтарда клиникалық іс-тәжірибе жүргізген.

«Мен «Апаттар медицинасы темір жол госпиталінде» 2018 жылы 12 желтоқсанда бітетін сертификатымен жұмыс жасадым. Осы мерзімге дейін менің жұмысым заңды болды. Құжаттың уақыты біткен соң басшылыққа айттым да жұмыстан шеттетілдім. Агамурадоваға келсек, оның ісі бойынша сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан, мені айыпты деп тануға әлі ерте. Екінші іс Ізбасарованың өлімі бойынша тергеу жүріп жатыр. Құқықтық баға берілетін болады», - деді Дмитрий Писарев.

Алайда, департамент мамандарының айтуынша, ол жаңа сертификат алғызуға тырысқан. Бірақ, оған рұқсат берілмеді.

Естеріңізге сала кетейік, Украина азаматшасы Дана Агамұрадова Алматыда іш майын алғызу үшін липосакция жасатпақ болып, жекеменшік емханалардың бірінде ота жасатқан.

Отадан соң 6 сағат өткенде Дана есін жимастан көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша, пациент май түйіршіктерінің өкпе тамырларын бітеп қалуынан көз жұмған.

Отаны жасаған пластикалық хирург Дмитрий Писаревтің қазір соты болып жатыр.

Дәл осы хирургтың қолынан былтыр қарашада тағы бір әйел өмірден озды.

30 жастағы Лаура Ізбасарова пластикалық ота жасатып, омырауын тарттырмақ болған.

Бұл қылмыстық оқиғаны да полиция тексеруге алды.

Осы аптада 44 жастағы әйелдің пластикалық отадан кейін қайтыс болғаны белгілі болды. Әйелге отаны «Moskva deLux» емханасының хирургы Роман Алферов жасаған.

Соңғы жаңалықтар