Екі аяғынан айырылса да «аяққа тұрған» әйел: Ең бастысы сағың сынбау керек
2021 жылғы 1 желтоқсан 16:26

Екі аяғынан айырылса да «аяққа тұрған» әйел: Ең бастысы сағың сынбау керек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Құдай қосқан қосағы қасында. Ана атандырған шекесі торсықтай ұлы аялы алақанында. Тұрақты жұмысы, қалыпты тұрмысы бар. Екінші сәбиін де күтіп жүр. Үш айдан кейін отбасында төртеу болмақ. Бұл кезде Зүлфия Ерқасымова 23 жаста. Бірақ бір-ақ күнде жаймашуақ, мамыражай өмірінің астаң-кестеңі шықты. Қас қағымда құрсағындағы баласы мен екі аяғынан айырылды. Жалған дүниеден түңілді... Алайда Жаратқанның маңдайға жазған сынағынан сағын сындырмай, ерік-жігерін жанып, өмірге деген құлшынысын жанындағы ең жақындары – анасы, жұбайы мен ұлы оятты. Міне, содан бері ол арбаға таңылса да аянбай еңбек етіп, ел қатарлы ғұмыр кешуде. Бүгінде ұлттық нақышта көрпе-жастық тігіп, той мен мерекелік кештерді безендірумен айналысады. Оның қолынан шыққан жасанды гүлдерге тапсырыс беретіндер де аз емес.

«Әкемнен 16 жасымда айырылдым»

Зүлфия Ерқасымова 1965 жылы Катонқарағай ауданы Солдатова ауылында дүниеге келді. Көпбалалы отбасында өскен.

– Жеті ағайындымыз. Біздің балалық шақ қазіргі тәуелсіз ел ұрпақтарының күнімен салыстырғанда мүлде басқандай еді. Ол кезде заман да, адам да бөлек. Ауыл шаруашылығы күйреп, ауыр жұмысты әйелдер де білек сыбана істейтін уақытта бойжеттім. Ата-анам ерте жастан еңбекке баулып, туған жерге деген сүйіспеншілікке, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиеледі. Әкеміз мал дәрігері, анамыз аспаз болды. 16 жасымда әкемнен айырылдым. Тағдырдың ауыр соққысынан шаңырағымыз теңселсе де, құламады. Анамыз біз үшін дамыл көрмей еңбектенді. Оған шама-шарқымыз жеткенше көмектесуге тырыстық, - дейді ол.

Он жылдық орта білім алған. Мектеп қабырғасында шынжыр табанды трактор жүргізудің теориясы мен тәжірибесін үйренді. Сөйтіп, мемлекеттік емтихандарды тапсырған соң аттестат қана емес, жүргізуші куәлігін де алды.


Трактор тізгіндеп тер төкті

– Колхоз төрағасы жастарды туған жерде қалуға, шаруашылықты көтеруге атсалысуға шақырған-тұғын. Көп ойланбай ауылда қалып, тракторшы болып жұмысқа тұрдым. Жаңа айтқанымдай, ол заманда «бұл әйел істейтін жұмыс емес» деген түсінік жоқ. Отбасымызды асырау үшін ақша табу қажет болды, – дейді Зүлфия Дәуітқызы.

Сол жерде екінші сыңарын жолықтырған. Механизатор болып еңбек еткен Әділхан Ерқасымов екеуі 1984 жылы шаңырақ көтерді. Араға бір жыл салып, ұлдары Талғат жарық дүние есігін ашты.

– Қуанышымызда шек болмай, бақыттың базарын кештік, – деп еске алды кейіпкеріміз. – Осылайша, бәрі сәтімен келе жатты. 1987 жылы Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының XVI съезіне делегат болып сайландым. Содан кейін одақ мүшесі болып, комсомолдың, партия ұйымдарының съездеріне, жиналыстарына барып жүрдім. Бір жылдан кейін бүкіл өмірімді күрт өзгерткен оқиға болды...


Қас қағымда қара бұлт үйірілді

1988 жылы 9 сәуірде әдеттегідей жұмысқа шыққан. Жүктіліктің алтыншы айында еді. Нөсерлетіп жаңбыр жауып тұр, айнала батпақ.

– Басында жемтаратқышта жұмыс істеп жүрдім. Кейін тракторды жөндеуге кірістім. Сол кезде қозғалтқыштағы айналмалы валға ілініп қалдым... Бәрі қас қағымда болды. Жедел жәрдем қызметкерлері мені Үлкен Нарындағы аудандық ауруханаға жеткізді. Көп қан жоғалтыппын. Немқұрайлылық танытқан дәрігерлер аяғымды бұраумен (жгут) байламай қойыпты. Ауруханаға келген туыстарымның қан тобы менікімен сәйкес келіп, төрт хирург ота жасады. Қолымды бірнеше жерден тікті. Өзім аман қалғаныммен іштегі сәбиімнен айырылдым... Бірнеше күннен кейін көзімді ашып, екі аяғымның жоқ екенін көрдім.

Облыстық ауруханада бірнеше ай емделіп шыққан соң қатты күйзеліске түстім. Сол бір қаралы күн қайта-қайта көз алдымда көлбеңдей берді. Бірақ отбасым, күйеуім мен ұлым үшін сағымды сындырмауға бел байладым, – дейді Зүлфия Ерқасымова.

Оның кәсіпкерлікке бет бұрғаны бертінгі жылдары. Ал оған дейін талай салада жұмыс істеп көрген.

– Арбаға таңылғаннан кейін өзіме ұнайтын саланы таңдау оңайға соқпады. Алғашында ауылдағы кітапхана меңгерушісі болдым. Өскемен қаласында бухгалтерлік курстан өткеннен кейін Катонқарағай ауылындағы асханаға меңгеруші болып орналастым. Бос уақытымда ауылдың мәдени шараларына қатысып, ән айтып, сахнадағы қойылымдарға арналған киім тігіп жүрдім, – дейді кейіпкеріміз.

Содан кейін изолон, фоамиран сынды материалдардан сан алуан гүлдер жасай бастаған. Көптің көңілінен шығып жатты. 2002 жылы мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер көрмесі ұйымдастырылғанда жасаған ойыншықтары келушілер назарына ұсынылды. Осылайша, қолөнерге икемі бар екенін түсініп, осыдан неге табыс таппасқа деген шешімге келді.


«Немере иіскеу несібеме бұйырыпты...»

Ісің алға басу үшін әлбетте алғашқы капитал керек. Сол үшін ШҚО Кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алып, өз бизнес жоспарын ойдағыдай қорғап шыққан. Сөйтіп, жарты миллион теңге қайтарымсыз грант алып, ұлттық нақышта көрпе-жастық тігіп, той мен мерекелік кештерді безендірумен айналыса бастады.

– Жасанды гүлдеріме де қызығушылық танытатындар аз емес. Қолымнан шыққан түрлі бұйымдарым талай мектеп пен мәдениет үйлерінде тұр. Тек Шығыс Қазақстаннан ғана емес, еліміздің басқа қалаларынан да тапсырыс беретіндер бар, – дейді Зүлфия Дәуітқызы.

Алайда күллі әлемге кесел болған коронавирус індетіне байланысты карантин жарияланған соң тапсырыс күрт азайған. Той-томалақ, мерекелік шаралар өткізілмей кетті. Бірақ алдағы уақытта қауіпті дерттің беті қайтқан соң бәрі оңалар деген үмітте.

– Балдан тәтті немелердің қызығын көру маңдайыма бұйырған екен, - дейді тағдырдың талқысына төтеп берген қайсар әйел. - 4 немерем бар. Солардың ерке қылықтарын тамашалау жанға қуаныш, көңілге шаттық сыйлайды. 84 жастағы анам да ұлымның қолында тұрады. Біреуден кем, біреуден ілгері дегендей, ел көргенді бірге көріп өмір сүріп жатырмыз. Осыған мың да бір шүкір!


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT