Екі аяғынан айырылған Парафиеваның ісі бойынша сот үкімі шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Екатерина Парафиеваның екі аяғынан айырылуына себеп болған жол апатындағы автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаевтың 2 жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автобус жүргізушісіне ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша (Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) айып тағылған болатын.

«Дәурен Жаңабаев ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша қылмысы толық дәлелденді. Сондықтан сотталушы айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарамын. Сонымен қатар, Жаңабаев 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, Жаңабаев жәбірленушіге 2 млн теңге көлемінде моральдық шығын төлеуге міндеттелді», - деді Бостандық аудандық сотының судьясы Арай Нұғыманова.

Ал мемлекеттік айыптаушы 1 жылға бас бостандығынан, 3 жыл көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Сонымен қатар, судья аталған іс бойынша 3 жеке қаулы шығарды.

Олардың біріншісі қалалық Білім беру департаментіне қатысты болып отыр. Судьяның айтуынша, мектеп директоры мен оқытушылары балаларды тасымалдау кезінде автобус иесімен келісімге отырмаған.

Екінші қаулы Алматы әкімдігіне қатысты оқылды. Онда судья әкімдіктің коммуналды қызметін жауапкершілікке тартуды қаулы етті.

Үшінші қаулыда судья қалалық ІІД қызметкерлерін тергеу амалдарын орындауда жіберген олқылықтарын қайта қалпына келтіруді тапсырды.

Мұның алдында жәбірленуші тарап судьядан істі қосымша сараптамаға жіберуді сұраған болатын.

Сонымен қатар, Парафиеваның қорғаушысы Жанна Уразбахова тек автобус жүргізушісін ғана емес, Тойота Камри жүргізушісін де, ашық қалған люкке жауапты коммуналды қызмет өкілдерін де жауапқа тартуды сұраған еді.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын.

Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry айналып, артқы жағымен Honda CRV көлігін ұрған. Салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар