Екі апта ішінде барлық нысанға жылу беріледі - «Астана-Теплотранзит»

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада «Астана – Теплотранзит» мекемесінің және жылу қазандықтарының қыс мезгіліне дайындығы пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада жылу беру маусымына дайындық барысы тексерілді

Бүгін елордада қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы жылу беруге жауапты мекемелердің қысқа дайындығы барысын бақылады.

Рейд барысында Железнодорожный тұрғын үй алабындағы автономды жылу қазандығы, «Астана-Теплотранзит» АҚ және Байқоңыр ауданында орналасқан 2-ші жылу электр орталығының (ЖЭО-2) жұмысы барысы тексерілді.

«Біздің ұйымға қарасты 55 магистральді жылу желісі бар. Олардың бәрі сынақтан өтті, қыс мезгіліне дайын. Биыл жылу беру маусымына дайындық барысында қала бойынша 15 шақырым жылу беру жүйесі жөндеуден өтті. Осылайша біздің мекеме қысқа 99 пайыз дайын. Жылу беру нысандары бірнеше санатқа бөлінеді. Яғни әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер және мекемелер. Қала әкімдігінің шешіміне сәйкес бүгін елорда бойынша 200-ден астам нысанға жылу берілді», - деді «Астана-Теплотранзит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, бас инженер Абзал Сауғабаев.

Оның айтуынша, жылу беру процесі кезең бойынша жүргізіледі. Жылу алдымен әлеуметтік нысандарға беріледі. Оның қатарында балабақша, мектеп, аурухана бар.

«Үшінші кезекте өндіріс нысандарына жылу беріледі. Елордада ауа райының аяқ астынан суып кетуіне байланысты әлеуметтік нысандарға жылу 26 қыркүйекте беріле бастады. Бүгін ішінара тұрғын үйлер қосылды. Жалпы 1,5-2 аптаның ішінде қала бойынша барлық нысанға жылу беріледі. Бекітілген ережеге сәйкес егер ауа райы 10 градустан төмен болса онда жылыту уақытынан бұрын басталады. Қазір Астанада ауа райы -10 градус, сондықтан жылу беріліп жатыр», - дейді ол.

«Астана-Теплотранзит» АҚ өкілі келтірген мәлімет бойынша елордада орталықтандырылған жылуға қосылатын 3 мыңнан астам тұрғын үй бар.

«Бүгінде елорданы газбен қамту қарқынды жүріп жатыр. Қазір қала маңындағы 10 тұрғын үй алабына көгілдір отын берілуде. Соңғы мәліметке сәйкес 6 мыңға жуық жеке тұрғын үй газға қосылды. Сонымен қатар биыл қаладағы ЖЭО-2 толықтай газға көшірілді. Ал ЖЭО-1 бойынша 10 қазандық көгілдір отынға ауыстырылды. Жылу маусымына дайындық биыл сәуірден басталды. Яғни жылу беру қалай аяқталды, сол сәтте келесі маусымға дайындықты бастап кеттік», - деді Астана қаласының әкімдігі отын-энергетика ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.


Соңғы жаңалықтар