Екі адамның өліміне себепші болған әйел 5 жылға сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда кісі өлімі болған жол апатына кінәлі 59 жастағы әйел сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол апаты 2019 жылы 15 қыркүйекте Алматы қаласының Бостандық ауданында болған. «Тoyota Land Cruiser Prado» көлігін жүргізген әйел «жол беріңіз» деген белгіні елемей, бұрылыстан өткен. Ал оған қарсы бағытта келе жатқан «Lexus GX-300» автокөлігі дер кезінде тоқтай алмай, соқтығысқан. Қөліктің бірі сол екпінімен Розыбакиев көшесінің бойында тұрған төрт жаяу жүргіншіні қаққан.

«Сот тергеуінде белгілі болғандай, жаяу жүргіншінің бірі – 1992 жылы туған К. есімді азамат жарақаттан оқиға орнында қайтыс болды. Екіншісі – 1994 жылы туған А. есімді азамат ауруханада көз жұмады. Басқа зардап шеккендер медициналық мекемелердің бірінде ұзақ уақыт ем алған», - дейді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.

Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша жүргізілді. Тергеу мен сараптамалық зерттеулер күдікті С.Таникееваның кінәсін дәлелдеді.

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты оны екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына кінәлі деп таныды. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар