ЕҚДБ «Сарыарқа» газ құбыры құрылысын қаржыландырмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық қайта құру және даму банкі «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысын қаржыландыруға дайын. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Кеше Еуропалық қайта құру және даму банкі вице-президентімен келіссөз жүргіздік. Олар газ құбырының магистральдік бөлігін де, тарату желісін де қаржыландыруға дайын. Жұмыс тобын құрып, олармен Жол картасын жасаймыз деп уағдаластық. Тарату желісіне жауап беретін әкімдіктердің қатысумен кеңес өткіземін. Меніңше, келесі аптада жұмыс және қаржыландыру көлемі анықталады», - деді Қанат Бозымбаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Сарыарқа» магистральды газ құбырының «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша бірінші кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Бірінші кезеңнің болжамды құны 267 млрд теңгеден асады. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласының әкімдіктері магистральды газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысының мерзімін ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы үшін жол картасын әзірлеген.

Бірінші кезеңде газ құбыры 171 елді мекенге тартылады, 2,7 миллион адам газбен қамтамасыз етіледі. Елорда тұрғындары үшін ең алдымен газды «Көктал-1,2», «Железнодорожный», «Юго-Восток» аудандарына және 1,2,3 жылу электр стансаларына жеткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар