Екатерина Парафиева Тойота жүргізушісі мен автобус иесінен моральдық шығынды дауламақшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жол апатында екі аяғынан айрылған Екатерина Парафиева Тойота Камри жүргізушісі мен автобус иесінен моральдық өтемақы дауламақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін сот отырысында автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаевқа қатысты сот үкімі шыққан болатын. Судья Жаңабаевтың 2 жылға бас бостандығын шектеді.

Сонымен қатар, ол Парафиеваға 2 млн теңге моральдық өтемақы өтеуге міндеттелді.

Алайда жәбірленуші тарап үкімге наразылық білдірді.

Олар апелляциялық инстанцияға шағымданбақшы.

«Менің денсаулығымды 2 млн теңгеге бағалау дұрыс емес деп санаймын. Қазір тиісті органдар менің қираған көлігімді 2 млн теңгеге бағалап отыр. Сонда темір мен менің денсаулығымның құны бірдей болып тұр», - деді Е. Парафиева.

Оның қорғаушысы Жанна Уразбахова Тойота Камри жүргізушісі мен автобус иесінен моральдық шығынды даулайтындарын айтты.

«Басында азаматтық шағымда моральдық өтемақы автобус жүргізушісінен, автобус иесінен, Тойота Камри жүргізушісінен 20 млн теңге талап еткен болатынбыз. Сот тек жүргізуші Жаңабаевтан шығын өндіру туралы қаулы қабылдады. 2 млн теңге протезге де жетпейді, Сондықтан, қалған екі жауапкерден моральдық өтемақы өндіру туралы апелляциялық арыз түсіретін боламыз», - деді Жанна Уразбахова.

Айта кету керек, бүгін автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаевқа қатысты сот үкімі шыққан болатын. Судья оның бас бостандығын 2 жылға шектеді.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry айналып, артқы жағымен Honda CRV көлігін ұрған. Соның салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар