«ЕХРО-2017» көрмесіне арналған «Ақмола жұлдыздары» байқауы өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Аршалы ауданында «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне арналған «Ақмола жұлдыздары» атты аудандық халық шығармашылығы байқауы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Байқауға аудан орталығы, ауылдық және селолық окургтерден жиналған 184 көркемөнерпаздар ұжымы қатысты. Байқау барысында қазылар алқасы тақырыпты кеңінен аша түсу, баспа өнімдері, сахнаның безендірілуі, репертуар, орындаушылық шеберлік, жанр түрлілігіне аса мән берді.

Әсіресе, Бірсуат селолық округі, Түрген ауылдық округі, Константиновка селолық округі, Арнасай ауылдық округі, Волгадоновка селолық округі, аудан орталығындағы №3 Аршалы орта мектебінің ұжымдары белсенділік танытты.

Байқаудың негізгі мақсаттарының бірі талантты жас өнерпаздарды, ұжымдарды анықтау болғандықтан әр округ жыл сайын жаңа дарын иелерін көрсетіп отырады. Осы тұрғыда Михайловка ауылдық мәдениет үйі атынан қатысқан Алена Пасеева жетекшілік ететін «Сказка» би ұжымы, №3 Аршалы орта мектебінен А.Әбен, Н.Күдербекова, Бірсуат ауылдық клубынан Б.Рақымжан, Анар ауылдық клубынан А.Ахметова, Арнасай ауылдық мәдениет үйінен «Веселка» вокалдық тобы, Сарыоба ауылдық клубынан М.Әбдікәрімова, Түрген ауылдық мәдениет үйінен келген «Ассорти» вокалдық тобы тамаша өнер көрсетті.

Сонымен қатар, бұл жолғы байқауға шағын ауылдық клубтар белсенді қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Байқау тақырыбын ашатын Қазақстан халқының мәдениетін, тұрмысын, дәстүрін бейнелеп көрсететін қолданбалы және бейнелеу өнері шеберлерінің ең үздік жұмыстары ұсынылған «Киелі өнердің өшпес ізі» атты көрмесі ұйымдастырылды. Үздік деп танылған жұмыстар облыстық байқау көрмесіне қойылмақ.
Аслан Оспанов.

Соңғы жаңалықтар