eGov-тың бастапқы кодтары Қазақстандағы серверлерде сақталады – Бағдат Мусин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Іnstagram-дағы парақшасында парақшасында eGov порталына қатысты дау туралы жаңа жазба жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желіде туындаған сұрақтарға барынша бір жазба арқылы түсініктеме беріп, ақпарат тапшылығына және бұрын айтылған ақпараттың дұрыс түсіндірілмеуіне байланысты пайда болған көзқарастардың басын ашқым келеді.

Біріншіден, eGov порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді! «Қазақстандықтардың барлық деректері Ресей Федерациясына қолжетімді болады» деген түсінік қисынсыз», - деп бастайды министр.

Ведомство басшысы Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер болғанын, олардың бәрі қазақстандықтардың мәліметін оңды-солды пайдалана алмайтынын еске салады. Сондай-ақ, ол «электронды үкімет арқылы біреу біреуге ақпарат бере ме?» деген сұрақ туындамау үшін eGov.kz-тің не екенін қысқаша түсіндіреді.

«eGov - бұл барлық мемлекеттік базалармен құрсым арқылы қосылған «витрина» ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды! Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400-ден астам ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін бар», - деген Бағдат Мусин бағдарламашы этикасы мен құжаттамасы ескірген жүздеген жүйенің орнына, барлық деректер бірыңғай платформада реттелген және түсінікті болатын ондаған жүйелерге өту заман талабы екенін айтады.

«Қазір eGov-ты миллиондаған ескі құрылғылармен салыстыруға болады. Олардың орнына біз сапалы заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнатқымыз келеді. Халық үшін де, экономика үшін де барынша оң нәтиже алу үшін цифрландырудың «құрақталған» моделінен тұтас платформалық моделіне өтетін кез келді», - дейді министр.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстан СБЕР әкімшілігіне дербес деректердің қауіпсіздігі бойынша нақты талап қойып отыр. Яғни, бастапқы кодтар сақталатын серверлер Қазақстан аумағынан шығарылмауы керек.

«IT саласындағы кез келген шешім, әсіресе халықаралық шешім кибер қалқан мен азаматтардың мүдделерін қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсынымын ескере отырып қабылданады. Қазақстан тарапы бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды талап ететін вендор сияқты болуы керек деген талап қойып отыр. СБЕР барлық қолжетімділікті бере отырып, барлық компоненттердің бастапқы кодтарын көрсетеді және барлығын Қазақстандағы серверлерге орналастырады деп келістік», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар