EGov.kz жылжымайтын мүлікке қатысты қызметтерді уақытша тоқтатады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 5-9 мамыр күндері «Электронды үкімет» порталы мен eGov Mobile қосымшасында жылжымайтын мүлікке қатысты қызметтер көрсетілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Бірыңғай жылжымайтын мүлік мемлекеттік кадастрының жаңа жүйесіне көшу жөніндегі техникалық жұмыстарына байланысты биылғы 5-9 мамыр күндері eGov.kz және eGov Mobile порталдарында жылжымайтын мүлік қызметтері көрсетілмейді», - делінген egov.kz сайтында.

Бұл аралықта нотариустан тұрғын үй сатып алу-сату шартын және жылжымайтын мүлікке байланысты басқа да мәмілелерді рәсімдеу, тұрғын үйге меншік құқығын тіркеу, пәтерді ипотекаға сатып алу кезінде кепілді рәсімдеу, сондай-ақ кепілді тоқтату, заңды талаптар мен бұғаттау, пәтерде тіркелу, жылжымайтын мүлік нысандарын техникалық тексеру, жылжымайтын мүлікті тіркеу туралы барлық мәліметтерді сұрау қызметі уақытша тоқтатылады.⠀

Сонымен қатар аталған қызметтер биылғы 5-9 мамыр аралығында Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да қағаз түрінде қолжетімді болмайды.

«Аталған күндері нотариустар, салық, екінші деңгейлі банктер және ҚР Әділет министрлігінің Атқарушылық іс жүргізу органдары жүйелерінде жылжымайтын мүлікті рәсімдеуге және техникалық тексеруге құжаттарды қабылдау тоқтатылады», - деп жазылған хабарламада.

Айта кеткен жөн, 2023 жылдың 5 сәуірінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «КЕАҚ» жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін іске қосады.


Соңғы жаңалықтар