Егіздерін өлтірген ерлі-зайыптының үлкен ұлын атасы алып кетуге ниет білдірген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда егіз ұлдарын өлтіріп, тоңазытқышқа тығып кеткен ерлі-зайыптының тұңғыш ұлын атасы Өзбекстанға алып кетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін аталған іс бойынша алдын-ала сот тыңдауы өтті.  Іс бойынша жәбірленуші ретінде 2 жастағы Равиль Волченконың өкілі ретінде Медеу аудандық білім бөлімінің қызметкері келді.

Медеу аудандық білім бөлімінің бас маманы Айткүл Кемебаева баланың тағдыры қалай болатынын айтып берді.

Оның сөзінше, қазір 2 жастан асқан Равиль Волченко №2 балалар үйінде.

«Баланың денсаулығы жақсы, онымен күнде психологтар жұмыс жасап жатыр. Бала №2 ауруханада оңалту шараларынан өтті. Сол уақыт аралығында құжаттар рәсімделіп, Балалар үйіне ауыстырылды», - деді Айткүл Кемебаева.

2 айдан бері балалар үйінде жатқан Равильді іздеп 3 апта бұрын Өзбекстаннан атасы келіп кеткен. Сол кеткеннен әзірге атасынан хабар жоқ.

Ал ерлі-зайыптылар әлі де Равильдің ата-анасы саналады.

«Сот процесі аяқталғанша бала балалар үйінде тұрады. Үкім шыққан соң ғана балаға ата-анасының қамқорлығынсыз қалды деген мәртебе беріледі. Әке шешесі ата-аналық құқығынан айрылады», - деді Айткүл Кемебаева.

Гильмутдиновтың қорғаушысы мұндай қылмыс алкогольдік ішімдікке мас боп тұрған кезде жасалғанын айтты.

Басты сот отырысы 24 қараша күні таңертеңгі сағат 10-ға белгіленді.

Судья Волченко мен Гильмутдиновтың журналистерді қатыстырмау туралы өтінішін ішінара қанағаттандырды.

Еске сала кетсек, жантүршігерлік оқиға осыдан екі ай бұрын Түріксіб ауданында болған. Көппәтерлі үйлердің бірінде тоңазытқыштың ішінен өлі сәбилер табылды. Екі ұл баланың өлімі механикалық асфиксиядан болғаны анықталды.
Кейін оларды туған әкесі Эмиль буындырып өлтіргені белгілі болды. Сосын мүрделерді тоңазытқышқа салып кеткен. Ер адам сотта істегенін мойындап, балалардың жылап ұйқы бермегенін айтқан. Бұл іске ерлі-зайыпты өзара келісіммен барған.
Кейін балалардың анасы Алла Волченко мен күйеуі үлкен ұлдары Равильді Самал шағын ауданындағы аулалардың бірінде қаңғыртып тастап кеткен. Бала аулада 3 күн жүрген көрінеді.  2-3 жастағы Равильді Самал шағын ауданындағы аулалардың бірінде тұрғындар тауып алып полиция шақырған. Кейінірек полиция баланың ата-анасын мас күйінде тауып алған. 

Соңғы жаңалықтар