Егіздерін өлтірген әйел: Ұлыма ана болу құқығынан айырмаңызшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда егіздерін өлтірген ана сот алдындағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

34 жастағы Алла Волченко соттан  көшеге қаңғыртып жіберген 2 жастағы баласына аналық құқығынан айырмау туралы өтінді.

"Мені аналық құқығымнан айырмауыңызды өтінемін. Екі баламды жоғалттым. Бұл мен үшін орны толмас қаза.  Бұл қайғы өмірімнің соңына дейін бірге болады. Жұмыстан балаларымның күлкісін көруге асығып келетінмін. Әп-сәтте балаларымнан, отбасымнан айрылып қалдым. Тұңғышым Равильден ажыратпасаңыздар. Әлі де сене алар емеспін. Менің  кінәм болған жоқ. Соңғы  сәтте полицияға баруға күйеуімді көндірдім", -деді Алла Волченко.

 Мұның алдында прокурор егіздерін өлтіріп, тұңғышын қаңғыртып жіберген ерлі-зайыптыға ең қатал жаза тағайындалуын сұраған болатын.

«Эмиль Гильмутдиновты ҚР ҚК 99-бабы, 1,2,3-бөлімдері бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраймын. Ол өзі істеген әрекетіне толық жауап бере алатын халде болған. Ал Алла Волченконы 19 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», - деді прокурор Есдәулетов.

Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы екеуін де ішімдікке құмарлықтан мәжбүрлі түрде емдеу туралы ұсыныс айтты. Бұған дейін Волченконың қорғаушысы сотталушының жазасын жеңілдетуге барын салатынын мәлім еткен.

Тергеуші сұрақ-жауап алу барысында Волченконың күйеуінің жоспары туралы білгенін айтқан еді.

Еске сала кетсек, 11 қыркүйек күні жантүршігерлік оқиға Түркісіб ауданында болған. Көппәтерлі үйлердің бірінде тоңазытқыштың ішінен сәбилердің мүрдесі табылған. Сол күні Медеу ауданында адасып жүрген екі жастағы ер бала полицияға жеткізілді. Бала өлген егіздердің ағасы екені анықталды. Егіздердің өліміне күдікті ретінде олардың ата-анасы ұсталды. Қазіргі уақытта сот алдында Қазақстан азаматшасы Алла Волченкомен оның азаматтық некедегі күйеуі Өзбекстан азаматы Эмиль Гильмутдинов жауап беруде. Оларға қатысты ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі 1,3,7 (кісі өлтіру) тармақтары және 119-баптың 1 бөлімі (қараусыз қалдыру) бойынша іс қозғалған.

Соңғы жаңалықтар