Валюта бағамдары:
    usd/kzt 472.17 eur/kzt 495.5

    rub/kzt 7.57 cny/kzt 67.74
Ауа райы:
Астана-15-17℃
  Jańalyqtar  >

Егіздер шеруіне Атырау облысында 99 бала қатысты

2022 жылғы 28 қыркүйек, 20:17

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Құрманғазы ауданында егіздер шеруі өтті. Оған 99 бала, оның ішінде 48 егіз бен бір үшем қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрманғазы ауданында өмірге келген егіздер мен үшем әр округте тұрады. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шараға егіздер Орлы, Байда, Бірлік, Кудряшов, Жаңаталап, Мақаш, Дыңғызыл, Сафон, Ақкөл, Нұржау ауылдарынан жиналды. Бір күнде жарық дүние есігін ашқандардың бірі М.Ломоносов, Бегалиев, Абай, М.Әуезов атындағы орта мектеп пен З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатында оқып жүрсе, мектеп жасына жетпегендері «Өркен», «Нұршуақ» балабақшаларына барып жүр.

«Бұл – ауданда тек егіздердің қатысуымен өткен алғашқы іс-шара. Шеруге 48 егіз бен бір үшем, барлығы 99 бала қатысты. Басты мақсатымыз – егіздерді жұртшылыққа таныстыру. Сол арқылы жас отбасылардың көпбалалы болуға ынтасын ояту. Бұдан былай егіздер бір-бірімен достасып, байланыс жасауына ықпал етуді көздедік», - дейді мәдениет үйінің директоры Жалғас Сағындықов.

Балалардың барлығы дерлік өнерлі. Олар әуелете ән шырқап, дөңгелене би биледі. Іс-шараның соңында дәмі тіл үйіретін тәттілер мен «Тамаша» ойын-сауық кешеніне сертификат берілді.

Бұдан бұрын Атырауда соңғы екі жылда алғаш рет үшем дүниеге келгенін жазған болатынбыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, биылғы сегіз айда 11 333 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 114 егіз бар.


Автор:

Бек Мұстафа

Новости по теме
Серіктестер жаңалықтары