Егістік жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникасы 97 пайыз дайын - Сапархан Омаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97 пайыз. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқымсепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендері 4,3 мың бірлікке дейін ұлғайды. Бұған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезіндегі мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары ықпал етуде», - деді министр.

Оның атап өтуінше, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпаратына сәйкес, жылдың басынан бастап 24 млрд теңгеге 1 112 техника, оның ішінде 458 трактор, 28 комбайн және 626 өзге де техниканы сатып алу қаржыландырылды.

«Осы жылдың 29 наурызындағы жай-күй бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97 пайызды құрайды. Техниканы дайындау жоспарлы режимде жүзеге асырылуда. Жаппай жұмыс жүргізу алдында техника дайындығы 100 пайыз құрайтын болады», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар