Егіс суаруға жұмсалатын судың 97 пайызын оңтүстіктегі 4 өңір игеріп отыр
2022 жылғы 24 мамыр 10:35

Егіс суаруға жұмсалатын судың 97 пайызын оңтүстіктегі 4 өңір игеріп отыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Вегетациялық кезеңде егіс суғаруға жұмсалатын судың 97 пайызын оңтүстіктегі 4 өңір игеріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Үкімет отырсында мәлім етті.

«Барлық су тоғанынан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше шақырым су жұмсалады. Оның 11,3 текше шақырым немесе 97% пайызы - 4 оңтүстік облысқа тиесілі. Ол – 1,28 млн гектар суармалы алаңы бар немесе ел бойынша барлық суармалы алаңның 80% пайызын (1,6 млн га) құрайтын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары», - деді министр.

Сондай-ақ, ол Қырғыз Республикасы тарапымен арада қалыптасқан үйреншікті тәсіл бойынша жаз айларында 330 млн текше метр суды қосымша алу келісімі бар екенін еске салды.

«Шектес елдермен ынтымақтастық шеңберінде қырғыз тарапымен тауар алмасу және коммерциялық негізде электр энергиясын жеткізу бойынша «Достық» каналы арқылы жаз айларында 330 млн текше метр көлемінде су беру мәселесін шешуге қол жеткізілді», - деді Экология министрі.

Оның айтуынша, биыл Шардараға 5 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік бар.


Jańalyqtar

MURAǴAT