«Egemen Qazaqstan» тарихы: Қуғын-сүргін жылдары басылымның 18 редакторының 12-сі атылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ұшқын» газетінің алғашқы редакторы Халел Есенбаевтан бастап, 1938 жылы газет тізгінін қолына алған Сақтаған Бәйішевке дейінгі 18 редактордың 12-сі атылған. «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі тарихи нөмерінде жарияланған «Жазықсыз жазаланған журналистер» мақаласыннда осы туралы толық жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұшқын» газетінің алғашқы редакторы Халел Есенбаевтан бастап, 1938 жылы газет тізгінін қолына алған Сақтаған Бәйішевке дейінгі 18 редактордың 12-сі атылыпты.

Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде жүргізілген зиялыларды қудалау науқаны журналистерді де айналып өткен жоқ. Қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай «қараңғы қазақ көгіне күн болуға» ұмтылып, алаш үні «Қазақ» газетінің рухында тәрбиеленген бір буын кеңестік дәуірдің алғашқы жылдары барлығы дерлік газет-журнал маңына топтасты.

Осындай ұшқыр ойлы, ұлтшыл тұлғалар жиналған бір ұя – «Ұшқын» газеті еді. Алғашқы саны 1919 жылы 17 желтоқсан күні Орын­бор­да жарық көрген бұл үнпарақтың бірінші редакторы Орал өңірінің тумасы Халел Есенбаевтан бастап, 1938 жылы газет тізгінін қолына алған Сақтаған Бәйішевке дейінгі 18 редактордың 12-сі қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жала жабылып, аты­лып кетіпті.

Бұлардың ішінде ең алдымен нысанаға ілінген 1922- жылдары газет­ке басшылық жасаған Жүсіпбек Аймауытов пен басылымының жетінші редакторы Әбдірахман Байділдин және атақты құ­ран-қари Файзолла ишан «Інімсің жасың кіші, жолың үлкен, Таралып Шоң атадан жайған өркен» деп мақтайтын, журналистік жолын 1920 жылы «Ұшқын» газетінде редак­ция алқасының мүшесі ретінде бастаған Ахметсапа Жүсіпұлы.

Оған себеп мынау: 1930 жылдың басында БК(б)П Қазақстан өлкелік коми­тетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин арнайы жиын ашып республиканың бас басылымы «Еңбекші қазақ» газетін бұрынғы алашордашыл бағыт ұстануда, кері тартпа ескішіл, ұлтшыл «Қа­зақ» газетінің ізімен кетіп ба­ра жатыр деген айықпас айып тақты. Барлық пәле осы айыптан басталған сияқ­ты. Бұған дәлел аталмыш тақы­рып бойынша зерттеу жа­саған қаламгер Тілекқабыл Бо­ранғалиұлы, қазақтың зия­лы журналшыларына қарсы қуғын-сүргін 1930 жылдың 21 сәуір күні басталды деген деректі алға тартады Өйт­кені осы күні Мәскеудің Бу­тыр­касында жоғарыдағы үш арыс Ахметсапа Жүсіпов, Әб­дірахман Байділдин, Жү­сіпбек Аймауытов опат болды.

Сөзіміздің басында 1919-1938 жылдары газет бас­қар­ған 18 редактордың 13-і атылды дегенді айттық. Бұ­лар кімдер? Әуелгісінен бас­­тасақ, тұңғыш редактор Ха­лел Есенбаев 1938 жылы атыл­са, одан кейінгілер – Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Жол­дыбаев, Т.Рысқұлов, О.Жан­­досов, О.Исаев, Ғ.Тоғ­жанов, А.Мусин, Ж.Сә­дуақа­сов­тар да алғашқы редак­тордың тағдырын құшыпты.

Ал басылым тарихында үшінші редактор ретінде аты аталып жүрген һәм 1919 жылы жарық көрген газеттің алғашқы нөмірі осы адамның арнау өлеңімен ашылған, лирик ақын Бернияз Күлеев 1923 жылы 29 қаңтар күні өз ажалынан өлмегенде ол да атылары хақ еді.

1925 жылдың мамыр айында республика астанасы Орынбордан Қызылордаға қоныс аударуына байланысты «Еңбекші қазақ» (бұрынғы «Ұшқын») газетін Сыр бо­йына бұйдалап жеткізген газеттің төртінші редакторы Смағұл Сәдуақасов ше? Бұл арыс 1933 жылы темір жол апатына ұшырамағанда бәрі бір қызыл сүргіден аман өтпес еді. Тұлғаның өмір тарихын терең зерттеген алаштанушы-академик Дихан Қамзабекұлы: «С.Сәдуақасов «Мәскеу-Донбас темір жолы құрылысында уланды» деген ресми мәлімет бар. Бірақ бұған жұбайы, туысқандары сенген емес. Ол – бастапқы репрессия құрбаны. 1930-1931 жылдан НКВД және соған қатысы бар партия құрылымдары (Ежов, Шкирятов т.б.) орталық пен республикаларға ықпалы бар тұлғаларды есебін тауып, түрлі амалмен өлтіре бастаған болатын» дейді. Осыған қарағанда бұл адам да қызылдар құрбаны екені анық.

Қысқасы, қанды қасап жылдары газет басшыла­ры­нан тірі қалғаны төрт адам.­ Олар – Т.Сафиев, М.Әуе­­зов, Ғ.Мүсірепов және Ж.Арыс­танов. Бұлардың жа­ны қалға­нымен тәні қуғын-сүр­гіннен көз ашпапты. Мысалы, га­зет­тің екінші редакторы Тә­мимдар Сафиев туралы зерт­теуші Т.Боранғалиұлы 1921 жылғы бір құжатта «Т.Сафиев ұлтшылдықтың тұр­пайы түрін көрсете жүріп, партиялық жұ­мыста белсенділік таныт­пады» деген сылтаумен жаза жүктеген дейді. Яғни, қу­далауға түскен Т.Сафиев бой жа­сыру үшін Қарақалпақ айналып Мәскеу асып, ақыры сол жақта 1970 жылдары дүниеден өтіпті.

Қуғын-сүргін жылдары «Социалистік Қазақ­стан» газетінде бөлім меңгеру­ші­сінің орынбасары қызметін атқарған белгілі өлкетанушы-жазушы Жайық Бектұров өзінің естелігінде: «1938 жыл­дың басы. Сәкеннің, Сма­ғұлдың, Ілиястың, Тұрардың, Бейімбеттің, Жанайдардың, Ғаббастың, Әйтікеннің көзде­рі құрығанмен, бір кезде солар отырған креслоларда абзал аға­лардың бейне-белестері көз алдымызда сайрап тұрды... Қабағымыз ашылмайды. 1938 жылдың қысында газеттің орынбасары Сұлтан Лепесов пен сыншы Құлмырза Өтепов көзден таса болды. Көктемде Ж.Арыстанов, кейінірек аса алғыр білімді азамат Аман­жан Сәрсенов және мен тұт­қындалдық» деп жоғарыда тірі қалған төрттіктің бірі Жү­сіпбек Арыстановтың да қудаланғаны жайлы дерек келтіреді.

«Түйені жел шайқаса, еш­кіні аспаннан ізде» дегендей, басылым басшылары қан­­ды қасаптың қылышына бау­дай қырқылып жатқанда, бы­лайғы қарапайым газет қыз­мет­керлері қалай аман қал­­­сын, олар да боранды күні бұр­­­шақ соққан шегірткедей жайраған.

Зерттеуші Т.Боранғали­ұлы­ның «Ғасырға сыр» ат­ты кітабында: «Ұшқынның» ал­ғашқы редакция алқасы­ның мүшесі Әмірғали Мең­дешов 1938 жылы 27 ақ­пан­­да атылды. Сол күн­дері «ұш­­қындықтар» мен «ең­бек­­ші­қазақтықтардан» 25 ақпанда – Темірбек Жүргенов, Жанай­дар Сәдуақасов, Сәкен Сейфул­лин, Айтмұхамед Му­син, Ғаб­бас Тоғжанов, 26 ақ­пан күні – Ілияс Жансүгіров, Бейім­­бет Майлин, 1 наурызда – Ораз Жандосов, 3 наурызда – Халел Есенбаев, 9 наурызда – Әбдірахман Айсарин, Мұ­­қан Ах­метов құрбан болды» деп жа­зады. Бұлардың барлығы га­зет қызметкері болған адамдар.

Қысқасы, газет 1919-1938 жыл­дары «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» аталған шақтарда редактордың орынбасары Рахым Сүгіров, бөлім мең­герушісі Хамза Абдуллин, Әбдірахман Айсарин, меншік­ті тілші Мүтәліп Ахметов, Ға­зиз Исмағұлов, фототілші Макс Шохор, газетке автор бол­ған мәдениет, ғылым, өнер қайрат­керлері Темірбек Жүр­генов, Нәзір Төреқұлов, Дін­мұхам­мед Әділов, Қоңырқожа Қожықов секілді ондаған арыс оққа байланды.

Бұлардың сыртында әр жыл­­дары газетте қызмет жа­са­­­ған қатардағы журналис­тер: Мерғали Ешмұхамбетов, Ғабдол Бектенияров, Әмірхан Есен­гелдин, Ғұлама Себепов, Мәжит Дәулетбеков, Ахмет Елшібеков, Ғали Бегалиев, Таутан Арыстанбеков, Ғаб­дол Бектенияров, Мұстафа Қайыпназаров, Әмірхан Есен­гелдин, Мәжит Дәулет­беков, Ахмет Елшібеков, Жұ­маш Еленов, Жұмағали Ор­ман­баев, Шияп Қожахме­тов­тер­ге әртүрлі жала жабы­лып қу­ғын­далса, 1920 жы­лы «Ұш­қы­нның» редакция алқа­сына мү­ше болған Хайретдин Бол­ған­баев, Шәймерден Тоқ­жі­гі­тов, Асфендияр Кенжин, Кен­же­ғали Ғабдуллин, Темір­бо­лат Телжанов (атақты суретші ­Қа­напия Телжановтың әкесі) т.б. азаматтар атылып тынып­ты.

Суретте: 1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің Қызылордадан Алматыға кө­шіп келген ұжымы бейнелен­ген. Кейін 1937-1938­ жылдары жазықсыз жаза­ға ұшырап атылған азаматтардың бет-әлпеті сызылып тасталған.

Мақала авторы Бекен Қайратұлы

Соңғы жаңалықтар