Егемен мемлекеттің құрылуына зор еңбек сіңірген тұлғаларға әділ баға беру керек - Президент

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білуіміз керек. Бұл туралы ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттың бостандық жолындағы табанды күресінің арқасында Қазақ елі Тәуелсіздігін алды. Егемен мемлекеттің құрылуына, оның іргесін бекіту жолында орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызға әділ баға беруіміз керек. Табыстарды және олқылықтарды ажырататын бұл – уақыт және тарих. Уақыт – ең әділ қазы, ал тарих – бәріне таразы. Сондықтан, саяси науқаншылыққа жол бермеуіміз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білудің маңыздылығын айтты.

«Біз болашақта әділетті мемлекет боламыз десек, өткенге әділдікпен қарап, одан тағылым ала білуіміз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену – өсетін елдің белгісі. Отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық, жаңашылдық, жасампаздық, жанашырлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттерді бойға сіңіруіміз қажет. Мен бұл туралы жиі айтып жүрмін», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар