«Егемен Қазақстан» мен «Российская газета» серіктестік туралы келісім жасасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Егемен Қазақстан» АҚ мен «Российская газета» баспасы өзара іс-қимыл туралы әріптестік келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін «Российская газета» басылымымен келісімге қол қойдық. Ол құжат екіжақты ақпарат және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Аталған басылым - Ресейдің бас газеті және оның құрамында бірнеше басылым бар. Яғни миллиондаған тиражы медиахолдинг. Сондықтан бұл келісім уақыт өте келе өз тиімділігін көрсетеді деп ойлаймын. Елордаға арнайы басылымның бірінші басшысы келіп отыр. Бұл біздің елімізге қызығушылық танытып отыр деген сөз. Екіжақты келісімге келмес бұрын, мәселе алдын ала талқыланды. Ендігі уақытта аталған ресейлік басылым Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды біз арқылы тікелей ала алады. Тиісінше көрші Ресейде болып жатқан жайттарға біз «Российская газета» басылымы арқылы жедел қол жеткізе аламыз», - деді «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, келісімге келудегі басты мақсат – өзара ақпарат алмасу.

«Біздің газет - мемлекеттік басылым. Яғни, бюджет толықтай мемлекеттік. Әрине мемлекеттік бюджеттен бөлек, БАҚ ретінде қосымша табыс табуға құқығымыз бар. Біздің газеттің бағыты саяси-қоғамдық және құрамымызда бірнеше басылым бар. Оның ішінде күнделікті және апталық газет те бар. Сондай-ақ, біздің басылымның бетіне мемлекеттік заңдар, Президент қаулысы және тағы маңызды мемлекеттік нормативтік құжаттар жарияланады. Біз газетті оқырмандарға тегін таратамыз. Газеттен бөлек, біздің медихолдинг құрамында «Родина» журналы бар. Бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетімен жасалып жатқан келісімге келсек. Бұл серіктестік келісімі. Яғни өзара ақпарат алмасу және бір-бірімізден үйрену», - деді «Российская газета» басылымының бас директоры Павел Негоица.

Шара соңында «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және «Российская газета» басылымының бас директоры Павел Негоица екіжақты серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Айта кетейік, «Егемен Қазақстан» ақционерлік қоғамының құрамына екі республикалық газет (Egemen Qazaqstan және Казахстанская правда газеті) кіреді.


Соңғы жаңалықтар