«Егемен Қазақстан» ағылшын тілінде ақпарат тарата бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің ресми сайты ағылшын тілінде хабар таратуды бастады. Осылайша, бүгінгі күні еліміздің бас газетінің электронды нұсқасын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, сондай-ақ латын қарпінде және төте жазумен оқуға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Еске сала кетсек, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі сайттың орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқасы іске қосылатындығын өткен жылы хабарлап, газеттің интернет-сайтын дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндігін айтқан еді. 

Ал биылғы наурыз айында «Егемен Қазақстан» газетінің архивтегі барлық нөмірі цифрлық нұсқаға көшірілетіні мәлім етілді. Одан бөлек, ел газетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Егемен Қазақстанның» жүріп өткен жолы 10 томдық кітап болып басылып шықпақ. 

«Егемен Қазақстанның» тарихы тереңде жатыр. Жүз жылдық межесіне жақындаған республикалық басылым ең алғаш 1919 жылдың 17 желтоқсанында «Ұшқын» атауымен жарық көрді. Содан бері бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаевтар қызмет етіп, басылымды дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты. Газет өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы - «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Соңғы жаңалықтар