Эфиопияда төтенше жағдай жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Эфиопия үкіметі 6 айға төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Эфиопия үкіметі қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Легесс Тулу мен әділет министрі және бас прокурор Гидеон Тимотиос мәлімдеді.

Мұндай хабарлама премьер-министр Абий Ахмед азаматтарды өздерін «Тыграйды азат етудің халықтық майданынан» қорғану үшін қолдарына қару алуға шақырғаннан кейін 2 күн өткен соң жасалды.

Агенттіктің мәліметінше, бұл шара ел астанасы Аддис-Абебаның солтүстігіндегі Амхара аймағындағы Дессия және Комбольча қалаларының айналасындағы жағдайға байланысты орын алып отыр.

Эфиопия билігі мен Тыграй билігіндегі солшыл партия «Тыграйды азат етудің халықтық майданы» (TPLF) арасындағы қарулы қақтығыс 2020 жылдың 4 қарашасында басталды. Оқиға Эфиопия үкіметінің TPLF-ті елдің Қарулы күштерінің әскери базасына шабуыл жасады деп айыптауынан болды.

БҰҰ мәліметтері бойынша, қақтығыс салдарынан ондаған мың адам Эфиопиядан Суданға қашып кеткен. Ұйым бірнеше рет Эфиопияның Тыграй аймағы тұрғындарын соңғы онжылдықта бұрын-соңды болмаған ашаршылық алдында тұрғанын хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар