Эфиопияда қазақ мәдениетіне арналған шығармашылық кеш өтті

None
None
АДДИС-АБЕБА. ҚазАқпарат – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісованың мерейтойына орайластырылған қазақ мәдениеті мен шығармашылық кеші өтті. Бұл жайында сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Іс-шараға Аддис-Абебада тұратын қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ ҚР Елшілігінің ұжымы қатысты.

Мәдениет кеші өскелең ұрпақтың қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, ұлы тарихи тұлғалар және олардың қазақ мәдениетін, атап айтқанда әдебиет, поэзия және халық музыкасын дамытуға қосқан зор үлесі туралы білімдерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара барысында Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаевтың, сондай-ақ қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған басқа да көрнекті тұлғалардың әдеби және музыкалық шығармалары орындалды.

Мәдени кеш қонақтарына елшілікте Қазақстанның елордасы – Нұр-Сұлтан қаласына арналған, Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің даму қарқынын суреттейтін фотокөрме ұсынылды.

2020 жылы Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде Абай Құнанбаев атындағы Қазақ мәдени орталығы ашылды.

Содан бері Орталық бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар өткізді.

Өткен жылдың екінші жартысында пандемияға байланысты мәдени орталық өз қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Бүгінгі шара барысында мәдени орталық өз қызметін қайта жандандырды.


Соңғы жаңалықтар