ЭЭГ мониторинг медсақтандыру аясында тегін жасалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - МӘМС жүйесі енгізілгелі бері КТ, МРТ, жоғары технологиялық медициналық, консультациялық-диагностикалық қызметтерді алу мүмкіндігі артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сол секілді ЭЭГ мониторингтен де МӘМС аясында жолдама арқылы тегін тексеруден өтуге болады. Бұны 1000-ға жуық пациент МӘМС аясында ЭЭГ мониторинг тексеруден тегін өткен «Жанұя» жекеменшік клиникасы мысалынан көруге болады» - дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Бәрімізге белгілі, 2020 жылғы 1 қаңтардан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі жүзеге асырыла бастады.

МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдарға қызметтер пакеті теңдей қолжетімді болуына негізделген.

Яғни, мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат қажетіне қарай, МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде ем алады, медициналық қызметтердің көлемі мен құны шектелмейді.

Барлық медициналық қызметтерді мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда алуға болады.

Тек бір ғана шарт – медициналық ұйым ӘМСҚ дерекқорында болуы және әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қызметтер көрсетуі тиіс.

«Жанұя» жекеменшік клиникасы Медициналық сақтандыру қорымен 2020 жылдың екінші жартыжылдығында келісімшартқа отырып, МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсете бастады.

Егер өткен жылмен салыстыратын болсақ, 2020 жылы шамамен 600-700 пациент МӘМС бойынша тегін тексеруден өткен болса, 2021 жыл басталғалы қазірдің өзінде 300-400 пациент емхана жолдамасы арқылы дәрігер кеңесін алып, ЭЭГ мониторингтен, УДЗ, т.б. тегін тексерілді.

«Бұл – тұрғындар мен медицина қызметкерлерінің ақпараттандырылуынан деп ойлаймын, бұл науқастар үшін жақсы. Себебі, ЭЭГ мониторинг (оның ішінде тәулік бойғы да бар) жүргізу - құны қымбат медициналық қызметтердің бірі, МӘМС жүйесі арқылы тегін жасалуда», - дейді «Жанұя» жекеменшік клиникасының директоры, жоғары білікті дәрігер Алтынай Елубаева.

МӘМС бойынша ақысыз медициналық көмек алу үшін пациент емханаға тіркелген және МӘМС шартымен сақтандырылған болуы тиіс.

«Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы №8 емханаға тіркелгенбіз. Баламды емханадағы педиатр-дәрігерге көрсеттім, ол невропатологқа жіберді. Невропатолог-дәрігер көрсеткіштер бойынша ЭЭГ тексеруден өту үшін «Жанұя» медицина орталығына жолдама берді. Сол жолдама арқылы мұнда ЭЭГ мониторинг тегін жасады, әйтпесе материалдық жағынан маған ауыр болар еді. Осы тексеруден кейін енді балама нақты диагноз қояды. Кеңес берген дәрігерлерлерге де, МӘМС жүйесіне де ризамын», - дейді медициналық көмек алу бағытын айта отырып алғысын жеткізген Денистің анасы Анна Ткачук.

Медсақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың тізімін қордың ресми сайтынан табуға болады.


Соңғы жаңалықтар